Саяси транзитке 7 жыл: Жаңа экономикалық межелер
АСТАНА. KAZINFORM — Осыдан 7 жыл бұрын наурыз айында еліміздің арғы-бергі шежіресіндегі тарихи бетбұрыс — саяси билік транзиті басталған еді. Осы аралықта еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси даму моделінде ауқымды да жүйелі өзгерістер болды. Jibek Joly телеарнасындағы «Талдау» жобасы жеті жылдық кезеңді қорытындылап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын саралап көрді.
Жеті жылда қиын-қыстау кезеңдер де аз болған жоқ. Дүние жүзін жайлаған коронавирус пандемиясы да, геосаясаттағы тұрақсыздық та осы мерзіммен тұспа-тұс келді. Бірақ оған мойынсұнып, абдырап қалған ешкім жоқ. Мемлекет басшысы ең алдымен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бар күшін салды. Өзі сол тұрақтылықтың кепіліне айналды десе болар. Осылайша Қазақстан серпінді даму жолына түсті.

Жақында Премьер-министр Олжас Бектенов осы кезең нәтижелеріне арналған «Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл» атты мақала жариялады. Сонда ол «Көптеген сын-қатерге жауап ретінде бірінші кезекте мемлекеттің ұзақмерзімді орнықтылығын нығайтуды мақсат еткен ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Президент Тоқаев жалаң ұран мен популизмге жол берген жоқ, уақытша нәтижелерге де ешқашан иек артқан емес» деп жазады. Сөйтіп саяси-экономикалық тұрақтылықтың мызғымас берік тұғырын қалыптастыру жолындағы еңбектің нақты нәтижелерін оқырман назарына ұсынған.

Ең басты есеп — әрине, экономиканың өсімі. Былтыр жалпы ішкі өнім 6,5% ұлғайған. Экономикалық құрылым шикізаттық емес секторлар мен ішкі сұраныс есебінен өсіп келеді. Осылайша өткен жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ тарихи межені еңсеріп, 306 млрд долларға жетті. Оны жан басына шаққанда, 15 мың долларға дейін жетеді. Бұл — Орталық Азия ғана емес, көрші Кавказ өңірін қоса алғанда да ең жоғары көрсеткіш саналады. Осылайша Қазақстан, Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес, әлемдегі ең ірі топ-50 экономиканың қатарына енді, әрі орташа жылдық экономикалық өсім қарқыны бойынша да алғашқы бестікте тұр.
Осы орайда еліміздің транзиттік және көлік-логистикалық әлеуетіне қатысты есептер де назар аударуға тұрарлық. Себебі бұл мәселені Мемлекет басшысы да үнемі айтып, әр түрлі халықаралық мінберлерден көтеріп жүр. Осы бағыттағы жұмыстағы өзінің жіті қадағалауына алғаны да байқалады.
Соңғы жеті жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал көлемі 5 есе өскен. Бұл ретте теміржол инфрақұрылымы да асқан маңызға ие. Біз санамалап отырған мерзім ішінде мың шақырымға жуық жаңа шойын жол салынған. Ал 9,5 мың шақырым жол жөндеуден өткен. Теміржол тораптарын жаңғырту жұмыстары өткізу қабілетін арттырып қана қоймай, өңірлердің өзара қарым-қатынасын да нығайтқаны сөзсіз. Соның арқасында саладағы кәсіпкерлер логистикалық шығындардың едәуір азайғанын айтып жүр.

Премьер-министр мақаласында «Жеті жылда ауыз толтырып айтатын тағы бір жайт — 25 мың шақырымнан астам автомобиль жолы салынып, күрделі жөндеуден өтті, сол сияқты Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Батыс-Шығыс негізгі дәліздері іске асырылды, барлық өңірде жергілікті жолдар желісі жаңартылды», деп жазды. Тіпті осы күнге дейін үнемі назардан тыс қалып жүрген жергілікті жолдар да жөнделген. Оның экономикаға да пайдасы ұшан-теңіз. Шығындар азайып, сауда-саттық көлемі өскен. Шағын және орта бизнес дамып, өңірлердің инвестициялық тартымдылығы арта түскен, яғни бір ғана жол инфрақұрылымының өзі экономикаға мультипликативті әсерін тигізеді.

Жол құрлықта ғана емес, су бетінде де жалғасын тапты. Теңіз порттарының жалпы өткізу қабілеті қазір 22 млн тоннаға жеткен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша контейнерлік тасымал көлемі 90 мыңға жетіп отыр. Салыстырмалы түрде 2024 жылы бұл көрсеткіш 60 мың контейнер болған еді.
Авиация саласы да тұрақты өсім көрсетіп келеді. Былтыр әуежайлар 32 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсеткен. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 26 млн болған еді. Қазір еліміз 30-дан астам шет мемлекетпен әуе қатынасын орнатқан, яғни 130 бағыт бойынша 600-ден астам рейс қатынап тұр. Бұл ретте әуежайлардың жаңғыртылып, жаңа терминалдар салынып жатқанын да айта кеткен жөн. Мәселен, биыл Қатонқарағайда, Зайсанда, Кендірліде, Арқалықта 4 жаңа әуежай іске қосылады. Бұл өз кезегінде туризмнің дамуына ықпал етеді.

Еске сала кетсек, Премьер-министр Олжас Бектенов ел дамуының соңғы жылдардағы нәтижелерін саралаған мақаласын жариялады. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асқан ауқымды реформалардың әлеуметтік-экономикалық өсімге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялауға ықпалы жан-жақты талданған.