Семейде әкім лауазымына төрт үміткер тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – Семейде әкімдікке кандидаттарды тіркеу аяқталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Семей
Фото: abaidan.kz

12 қазанда қалада тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет облыс орталығы әкімінің тікелей сайлауы өтеді. 

Науқан барысы

Кандидаттарды ұсыну 28 тамызда басталды. Екі аптаның ішінде аумақтық сайлау комиссиясына сегіз өтінім түсті. Құжаттар тексерілген соң төрт үміткер тіркелді. 

- Үміткерлерді ұсыну 2025 жылдың 11 қыркүйегінде сағат 18:00-де аяқталды, ал тіркеу 16 қыркүйекте аяқталды. Бүгінде бізде төрт кандидат тіркелді. Бірақ оларды ҰҚК мен салық қызметінде тексеру кезеңі күтіп тұр, сондықтан кандидаттар шығып кетуі мүмкін. Немесе қатысудан өздері бас тартуы мүмкін. Барлық кандидаттар өзін-өзі ұсынғандар, - деп атап өтті аумақтық сайлау комиссияның төрайымы Гүлжан Қуанышева.

Тізімде кім бар? 

Әділет Қожанбаев – Абай облысы Көкпекті ауданының қазіргі әкімі. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін банк саласында жұмыс істеді, «Қазақтелекомда» және облыстың қаржы құрылымдарында басшылық қызметтер атқарды. 2022 жылы Абай аудандық қаржы басқармасына жетекшілік етті. 

Айболат Бекжасаров — бұрын Семей қалалық мәслихатының төрағасы болған, сайлау құжаттарында уақытша жұмыссыз ретінде көрсетілген. Бұған дейін ол Әлеуметтік қызмет көрсету орталығын басқарған. 

Қанат Шапатов — Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы сарайының директоры, қалалық мәслихат депутаты.

Қаныш Төлеуов – Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің директоры. Қоғамдық қызметте ол Amanat партиясымен жиі араласады. 

Осылайша, тіркелген үміткерлердің үшеуінің бюджеттік салада жұмыс тәжірибесі бар, біреуі белсенді әкімшілік қызмет атқарып отыр. 

Сайлаудың маңыздылығы 

Қазақстандағы облыс орталығының тұрғындары қала басшысын алғаш рет тікелей сайлай алады. Осы уақытқа дейін тікелей сайлау тәртібі ауылдық округтер мен аудан әкімдеріне қатысты қолданылды. 

Сарапшылар атап өткендей, Семейдегі сайлау қорытындысы жаңа үлгінің тиімділігінің көрсеткіші болады. Тікелей дауыс беру тәжірибесін еліміздің басқа да ірі қалаларына тарату болашағы оның ашықтығы мен азаматтардың сеніміне байланысты болмақ.

Бұған дейін Семей қаласының әкімі Талғат Мұратов қызметінен кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар