Семейде оқып жүрген пәкістандық студент Абайдың барлық өлеңін жатқа біледі

Семейдегі Шәкәрім университетінде Абайдың барлық өлеңдерін жатқа білетін пәкістандық студент білім алып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Студент
Фото: Видеодан алынған кадр

Нақтылап айтқанда, Мухаммад Усама Шахид – Пәкістан елінің Пенджаб облысы Чиниот қаласынан келген. Жас ізденімпаз 7 тілді білетін полиглот.

Усаманың айтуынша, ол балалық шағын Орта Азияда өткізгендіктен ТМД елдеріндегі атмосфера мен өмір салты оаған қатты ұнаған. Арнайы қазақ тілі мен қазақ халқының мәдениетін, ұлттық құндылықтарын үйренгісі келді.

"Қазақ халқының болмысы мен танымын қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдері арқылы түсіне бастады. Ғаламтордан ақынның өмірбаянын зерттеу арқылы қасиетті Абай өңіріне келіп, аталған білім ордасын таңдаған.

Баршаңызға белгілі, ұлы Абай атамыздың өлеңдерін жаттау оңайға соға бермейді. Солай бола тұрса да, алған бетінен қайтпай ұлы данышпанның мұраларына ден қойғандығы баршамызды таңқалдырғаны жасырын емес. Усама – университеттің белсенді студенттерінің бірі. Жаз бойы Қабылдау комиссиясында қызмет атқарып, түрлі спорттық шаралардың жеңімпазы атанды. Тіл үйренуде ол әртүрлі кітаптарды, мақалаларды оқып, жаңалықтарды тыңдап, қазақ тіліндегі телехикаялар мен фильмдерді үнемі көреді", - деп жазды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Сонымен қатар шетелдік студент Instagram әлеуметтік желісінде күнделікті қазақ тілін үйрететін топтарға жазылған.

"Абайды санасына серік еткен, оқуға құштар, білімге деген талпынысы күшті Усамадай жас өренге қашанда сәттілік серік болсын деймін.

Шәкәрім ақын айтқандай:
Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,
Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.
Тегін білсең – аласың, бос береді,
Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан, - деген сөзін символ ететін жастардың қатары көбейе берсін", - деген министр.

Усама келешекте аудармашы болып қызмет атқарғысы келеді. Қазақ тіліндегі өлеңдер мен әңгімелерді урду және пенджаб тілдеріне аударуға ниетті. 

Соңғы жаңалықтар