15:58, 13 Қараша 2013 | GMT +5
Семейде өзін-өзі «тонаған» алаяқтың өтірігі шықты
АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - Семей қаласында 9,5 млн. теңгесін біреулердің тонап кеткенін айтып, полицияға шағымданған алаяқ ұсталды.

Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты. «Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында 27 жастағы кәсіпкер белгісіз біреулердің өзіне тиесілі 9,5 миллион теңгені тонап кеткенін айтып, полицияға жалған арыз түсірген. Жәбірленушінің сөзіне сенсек, өзі ақша алған банктің маңынан белгісіз ер адам ақша толы сөмкесін қолды қылып кеткен», - дейді Н. Ораз.
Оның айтуынша, бұл қаражат тендер шарттарын орындау үшін аударылған, алайда кәсіпкер жұмыс талаптарын орындаудан осындай жолмен қашуды жөн көрсе керек. Қазіргі таңда кәсіпкер және қарақшының рөлін атқарған 20 жастағы сыбайласы ұсталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.