Семейде шырша безендірген мұғалімнің жарақат алуына қатысты білім бөлімінің басшысы жұмыстан шығарылды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласында білім бөлімінің басшысы Біржан Бұлабаев қызметінен босатылды.

Оның жұмыстан шығуына мұғалімдерді Семей қаласының орталық алаңындағы жаңажылдық шыршаны безендіруге заңсыз тарту себеп болған. Соның салдарынан мұғалімдердің бірі – Қуат Айтқалиев зардап шекті.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл жағдайды жеке бақылауына алды. Ол мұндай әрекеттердің ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңын өрескел бұзатынын айтты.
- Мұғалімдерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салынады. Тергеу амалдары талапқа сай жүргізіліп, осындай жағдайдың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылданады деп сенеміз, - деді ол.
Сондай-ақ Ғани Бейсембаев зардап шеккен ұстаз бен оның отбасына қолдау білдірді. Қазір Қуат Айтқалиевке барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін семейлік мұғалім шырша безендіру кезінде жарақат алғаны хабарланған.