Семейде соққыға жығылған оқушының отбасына баспана алып береді
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Эльзира Солтабаева отбасыға көрсетіліп жатқан қолдау шаралары жөнінде ақпарат берді.

Оның айтуынша көпшіліктің қолдауымен жиналған қаражат баспана сатып алуға жұмсалады.
- Толық медициналық тексеруден өткен балаға қажет психологиялық көмек көрсетіліп, отбасыға құқықтық қолдау ұйымдастырылды. Қазіргі таңда отбасының жақын туысының есепшотына 24 миллион теңге жиналды. Бұл қаражат баспана сатып алуға бағытталады, - деді ол.
Уәкілдің мәліметінше қаржының әділ әрі ашық жұмсалуын бақылау үшін облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, адвокаттар мен қоғамдық ұйым өкілдері кіретін арнайы комиссия құрылып жатыр.
- Көмек көрсету процесі ашықтық пен әділдік қағидаларына негізделеді. Қоғамның үлкен қолдауын ескере отырып, тұрғын үйді таңдау және сатып алу барысы ашық өтеді, – деп атап өтті Эльзира Солтабаева.
Сонымен қатар ол отбасының ел тұрғындарына білдірген шынайы ризашылығын жеткізді.
Еске салсақ, Семейде жасөспірімдер алтыншы сынып оқушысын соққыға жыққаны хабарланған.
Сондай-ақ 6-сынып оқушысы соққыға жығылған мектеп директоры жұмыстан шығарылып, оқушыны соққыға жыққан 3 жеткіншектің әке-шешесі ата-аналық құқығынан айырылғаны хабарланған.