Семейде үш театр ұжымы бір ғимаратты паналап отыр
Семейдің Жаңасемей ауданында жаңа Конгресс-холл салынады. Бұл бір ғимаратта жұмыс істейтін үш театр мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев елордадағы есеп беру брифингінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Әкімдіктің хабарлауынша, облыс орталығында тұрғындарының театр өнеріне деген қызығушылығы артып келеді. Қазір театр ғимаратында үш ұжым (Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры, Достоевский атындағы орыс драма театры, «Дариға-ай» жастар театры) орналасқан. Бұл ғимараттың өзі сәулет ескерткіші болып табылады.
«Семейді, нақты айтқанда «Ойқұдықты» қазақ театрының «қара шаңырағы» деп айтады. Олай болса, бір шаңырақ астында үш бірдей өнер ұжымының жұмыс істеуі ыңғайсыз. Сондықтан біз келешекте Семейдің Жаңасемей бөлігінде, бұрынғы Алаштың жұртында, заманауи мәдени нысан (Конгресс-холл) салуды жоспарлап қойдық», - деді Нұрлан Ұранхаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Осылайша, жаңа театр құрылысы бір шаңырақ астында жұмыс істейтін үш театрды орналастыру мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Семей қаласын дамытудың бас жоспары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар Семейге қарасты 32 елді мекеннің басын қосып, дербес Жаңасемей ауданына біріктіру және Мақаншы ауданын қайта бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Қарт Семейдің кескін-келбетін жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында да жұмыстар үздіксіз атқарылып келеді. Көпқабатты үйлердің 70-ке жуық ауласы абаттанды. 41 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеті жөндеуден өтті, 9 үйге муралдар салынды. Жамақаев, Мәңгілік ел көшелері бойымен жаяу жүргіншілер жолы, тұтастай қоғамдық кеңістіктер құрылды. Аспалы көпір астында «көпірасты кеңістіктер» пайдалануға берілді», - деді Абай облысының әкімі.
Сонымен бірге, қалада этноауыл құрылысы жүріп жатыр, жоласты өткелдері жөнделіп, жылы аялдамалар орнатылып жатыр.
«Келер жылы Ертіс өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірі мен Бейбітшілік аралында балалар теміржолын салуды көздеп отырмыз», - деді Нұрлан Ұранхаев.