Семейде жылу құбырларының 68 пайызы тозған

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта Семейде жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Бүгінде шаһардағы жылу құбырларының 68% тозып тұр.
«Семейдегі ең өзекті мәселелердің бірі – жылу желісінің ескіргендігі. Биыл 45 шақырым жылу желісіне жөндеу жұмыстарын қолға алдық. 9 учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту маусымына дайындық бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда», - деді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов
Өткен жылы қаладағы жылу құбырларында бірнеше рет апат болған еді. Жоспар бойынша биылғы жөндеу жұмыстары нәтижесінде жылу желілеріндегі апаттар 15 пайызға азаяды.
«Қазіргі кезде 60 пайыздан астам жұмыс аяқталды. Материалдардың барлығы жеткізілді. Атқарылып жатқан жұмыстар әкімдік бақылауында. Қаражат республикалық және резервтік бюджеттен бөлінген», - деді Н.Нұрсағатов
Оның айтуынша, жылыту маусымының басына қарай «Ғаббасов» және «Центр» қазандықтарын қайта жаңғырту аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда екі қазандықта жұмыстың 80% орындалды.