Семейге биыл 187 млрд теңге инвестиция тартылды
Семей қаласына жыл басынан бері 187 млрд теңге инвестиция тартылған, деп хабарлайды Kazinform.

Абай облысының экономикалық көрсеткіші қысқа мерзімде 107,5%-ға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 141,2% өсіп, 475,1 млрд теңге болды. Инвестицияның қомақты бөлігі, яғни 187 млрд теңгеден астамы немесе 39,4%-ы Семей қаласына бағытталды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қала халқымен кездесуінде айтты.
«Құрылыс саласында ең жоғарғы өсім – 130%, бұл өсімнің 42%-ы қаланың үлесінде. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 110,3%-ға өсті, оның 56%-ы — Семейде. Өнеркәсіп өнімдері 109,2%-ға өсті, шамамен 32%-ы қала кәсіпорындарында өндірілді. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 488 млрд теңгеге жетті, оның 12,4%-ы қала аумағына тиесілі», — деді Нұрлан Ұранхаев.

Оның айтуынша, шаһарда орташа айлық жалақы 17,6% өсіп, 292,8 мың теңгеге жеткен. Инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді.
2023 жылы көлік саласын жақсартуға 11 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. 50 шақырым жол желісі жөнделді. 2025 жылға дейін облыстағы 800 шақырым жолды орташа жөндеу жоспарланған.
Өңірді 2026 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары аясында аспалы көпірді қайта жаңғырту жоспарланған.
«Тұрғын үй құрылысында да айтарлықтай өсім байқалады. Жалпы ауданы 480 мың шаршы метр немесе 3811 пәтерлік 68 көпқабатты және жеке тұрғын үй салынып жатыр, оның 2443-і биыл пайдалануға берілді. Бүгінде 285 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, оның 79,5%-ы Семейге тиесілі», — деді Нұрлан Ұранхаев.

Дегенмен 19 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр, Семейде — 13 959 адам. 2023 жылы көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларға 134 пәтер берілді. Алдағы үш жылда жалпы ауданы шамамен 694 мың шаршы метр болатын тағы 148 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 6800 отбасына өз баспанасын алуға мүмкіндік береді.
Семейде қалдықтарды сұрыптау желісі бар жаңа заманауи полигон салу жоспарланған. Жұмыс инвесторлар есебінен жүргізіліп жатыр.
Қаланы дамытудың бас жоспарын әзірлеу аясында облыс орталығынан ауылдық округтерді бөліп, жаңадан Жаңасемей ауданын құру жоспарланған.