Семсерлесуден Азия чемпионатына баратын Қазақстан құрамасы анықталды

АСТАНА. KAZINFORM - Индонезияның Бали аралында семсерлесуден өтетін Азия чемпионатына баратын Қазақстан құрамасы белгілі болды.

Семсерлесуден өтетін Азия чемпионатына баратын Қазақстан құрамасы анықталды
Фото: Olympic.kz

Қазақстандық спортшылар ерлер және әйелдер арасында қылышпен, шпага және рапирамен сынға түседі.

Ерлер арасындағы қылышпен Бақдәулет Құралбекұлы, Назарбай Саттархан, Артём Саркисян, Жанат Нәбиев ел намысын қорғаса, әйелдер арасында аталған сайыста Айгерім Сарыбай, Карина Доспай, Анастасия Гулик, Татьяна Приходькоға сенім артамыз.

Ал ерлер арасындағы шпагада Эльмир Алимжанов, Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов, Кирилл Проходов жарысқа шықса, әйелдерде София Николайчук, Владислава Андреева, Виктория Қайдарова, Каролина Фомина жүлдені сарапқа салады.

Сондай-ақ рапирада ерлер мен әйелдер арасында Ғалым Нұрымов, Тимофей Семенов, Темірлан Қалиев, София Ақтаева, Күлжан Түсіпбекова және Алена Гноева сияқты спортшылар бақ сынайды.

Мамандар құрлықтық додада қазақстандықтарға басты қарсылас ретінде Жапония, Гонконг, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Қытай, Сауд Арабиясы, Вьетнам, Филиппин спортшыларын атап отыр.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан ерлер құрамасы семсер қаруымен айқасудан Сен-Мор (Франция) қаласында өтетін әлем кубогының кезекті кезеңіне қатысты.

Соңғы жаңалықтар