Сенат депутаттарын сайлауда бәсекелестік жоғары болды – Нұрлан Әбдіров

«14 қаңтарда өткен Парламент Сенаты депутаттарының кезекті сайлауында әрбір өңірден бір-бір өкілден 20 сенатор сайланды. Осы сайлауда баламалық қағидаты сақталып, кандидаттардың бәсекелестік деңгейі жоғары болғанын атап өткен жөн. Орташа есеппен бір орынға 6 адамнан аса үміткерден келді. Осылайша, республика бойынша Сенат депутаттығына 130 кандидат ұсынылып, 55 кандидат дауысқа түсті. Сенат сайлауында кандидаттардың және депутаттық мандатқа ие болғандардың басым бөлігі өзін-өзі ұсынушылар болды. Бұл азаматтық қоғамда жеке саяси мүдденің артып келе жатқанын көрсетеді. Аумақтық сайлау комиссияларының деректері бойынша сайлауда дауыс беруге 3 167 таңдаушының 2 904-і немесе 91,7 пайызы қатысты. Бәріне қарсымын бағаны бойынша дауыс беру құқығын барлық өңірдің таңдаушылары қолдана алды. Дауыс беру күні сайлау рәсімдерін, кандидаттардың сенім білдірген адамдары, саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары және БАҚ өкілдері байқады. Барлығы 235 адам қатысты», - деді Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оның атап өтуінше, байқаушылардың қызметі таңдаушылар мен сайлау процесіне басқа да қатысушылардың құқықтарын қаматмасыз етуге оң ықпалын тигізді. Сайлау науқаны аясында барлық кезең БАҚ-та кеңінен және ашық жария етілді. Сонымен бірге сайлау процесіне қатысушылар БАҚ өкілдері және басқа да ниет білдірушілер Орталық сайлау комиссиясының интернет ресурсының қосымша функционалы арқылы дауыс беру күні, яғни 14 қаңтарда таңдаушылардың келуі мен дауыс берудің алдын ала қорытындылары туралы ақпаратқа онлайн режимде қол жеткізді.
«Сайлау туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес, бүкіл республика бойынша Парламент Сенатының депутаттарын сайлаудың қорытындыларын ОСК сайлау өткізілген күннен бастап 7 күн мерзімнен кешіктірмей шығарады. Бүгінгі күні облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларынан дауыс беру нәтижелері бойынша Сенат депутаттарын сайлау жөніндегі дауыстарды санау нәтижелері туралы барлық хаттама бізге келіп түсті»,- деді ОСК төрағасы.
Бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялағанын хабарлаған едік.