Мәулен Әшімбаев парламенттік реформа туралы пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Реформа аясында жаңарған Парламенттің спикері қызметіне Мәулен Әшімбаев үміткер бола ала ма? Бұл сұраққа Сенат төрағасының өзі жауап берді.
Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап беру кезінде М. Әшімбаев бұл жайында айту әлі ерте екенін атап өтті.
— Дәл қазір оны тек талқылау жүріп жатыр. Алда 2026-2028 жылдар бар. Сондықтан қандай да бір мәлімдеме жасауға әлі ерте деп ойлаймын. Дәл қазір мен алдымызда тұрған міндеттерге ерекше мән беріп отырмын. Біздің мақсатымыз — осы жылдың аяғына дейін негізгі заңдарды қабылдау. Бұл заңдарға жауаптымыз. Атап айтқанда, осы жайындағы қауесеттің барлығы спекуляция деп білемін. Қазір жеке өз басым және депутаттардың барлығы маңызды заңдарды қабылдауға күш-жігерін салып жатыр, — деді М. Әшімбаев.
Айта кетейік, 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Жолдау кезінде Президент бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді.