Сенат Төрағасы Семей полигонының жабылуының 25 жылдығына орай бірқатар тапсырма берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясына әзірлік жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің кезекті отырысын өткізді.
None
None

Биылғы 29 тамызда Астанада өтетін форум жұмысына халықаралық ұйымдардың басшылары, беделді саясаткерлер, парламенттік қауымдастық мүшелері, сарапшылар мен азаматтық қоғамның өкілдері қатысатын болады. Шара барысында төрт тақырыптық сессия өтеді, сондай-ақ көрме қойылымдары көрсетіледі. Конференция Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жолындағы парламентшілер одағының қолдауымен өтеді. 

Қ.Тоқаев бұл форумның мазмұнын сапалы түрде қаматамасыз ету, ең алдымен Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің идеялары тұрғысында іске асыру қажеттігіне назар аударды. Сенат Төрағасының пікірінше, конференцияның нәтижелері ядролық қаруды жаһандық тұрғыда таратпауға және қарусыздану үдерістеріне жәрдемдесуі тиіс.

Форумға әзірлік барысы туралы сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов баяндама жасады. Кеңеске Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Сенаттың тұрақты комитеттерінің төрағалары, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Сенат Төрағасы шараның мазмұндық және ұйымдастыру мәселелері бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар