Сенаторлар бірқатар халықаралық келісімді қарайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар Жоғарғы Соттың бірқатар судьясын қызметінен босатып, бұған дейін Мәжіліс қабылдаған Заңдарды талқыға салады.
Жоғары палата күн тәртібіне шығарылған құжаттың бірі – «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң.
Аталған құжат Мәскеуде 2023 жылғы 4 желтоқсанда жасалған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялауға бағытталған.
- Келісім тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету кезінде олардың шығарылған жерін айқындау, куәландыру және растау тәсілдеріне құқықтық негізді қамтамасыз етеді. Осы құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан тауарларды, оның ішінде Қазақстан аумағынан шығарылатын тауарларды әкетуге тыйым салулар мен шектеулер белгіленген заттарды шығару кезінде тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларының қолданылуын бақылау үшін тиісті мүмкіндік береді, — деген еді Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков.

Сонымен қатар сенаторлар «2021 жылғы 16 ақпандағы Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатында жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңды қарайды.
Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабековтің сөзіне қарағанда, келісімде Еуразиялық экономикалық одақ аумағында айналымда болатын өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіпті өнім туралы хабардар ету жүйесін іске қосу көзделген. Сонымен бірге, одақтың нормативтік құқықтық актілерінде және ұлттық заңнамада «қауіпті өнім» терминінің анықтамасы болмаған.
— Одақтағы және ұлттық заңнамадағы қайшылықтарды жою және кәсіпкерлер үшін ықтимал сын-қатерді азайту мақсатында 2024 жылғы 8 мамырда Мәскеуде келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Заң жобасының ережелері «қауіпті өнім» деген сөздерді «Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін өнім» деген сөздермен ауыстыру секілді өзгерістерді қамтиды. Заң жобасының міндеті — заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес хаттаманы қабылдау үшін мемлекетшілік рәсімдерді жүргізу, — деді ол.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералдық Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды да сенаторлар пысықтайды.

Аталған келісімге 2025 жылғы 28 ақпанда Астанада қол қойылды. Құжаттың негізгі мақсаты — ұлттық заңнама талаптарын бұза отырып, мемлекеттер аумағында жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негізін құру.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, келісім ел аумағында болу шарттарын бұзған немесе заңсыз кірген адамдарды өз еліне қайтаруды көздейді. Сонымен қатар қиын жағдайға тап болған, яғни құжаттарын жоғалтқан адамдарға да қолданылады. Реадмиссия бойынша қайтарылған азаматтарға әкімшілік айыппұл немесе мемлекеттен шығару сияқты санкцияларды қолданбайды. Қазіргі кезде реадмиссия институты 21 елмен белсенді түрде жүзеге асырылып келеді.
Естеріңізге сала кетсек, мұның алдындағы Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, 2024 жылғы 12 қарашада халықаралық климаттық COP-29 форумы аясында қол қойылған аталған құжат тұрақты және «жасыл» энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
- Келісімнің мақсаты – ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, энергия өндіру мен жинақтаудың заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу. Құжат аясында жалпы орнатылған қуаты 1,8 ГВт болатын жаңартылатын энергетика саласындағы үш ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде жиынтық қуаты 1,5 ГВт болатын екі жел электр станциясын және қуаты 300 МВт болатын бір күн электр станциясын салу жоспарланып отыр. Аталған жобалар мемлекетаралық ынтымақтастық аясында елімізде жүзеге асырылып жатқан ЖЭК саласындағы ең ауқымды жобалардың қатарына жатады, - деді ол.
Жобаларды Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарының аумағында іске асыру жоспарланған. Бұл өңірлердің таңдалуы жел және күн ресурстарының жоғары әлеуетімен, сондай-ақ жаңа генерациялайтын қуаттарды Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне интеграциялау мүмкіндігінің болуымен негізделген. Барлық жоба қажет энергетикалық инфрақұрылымды құруды, оның ішінде электр желілеріне қосылу объектілерін салуды және электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізуді көздейді.
Сонымен қатар сенаторлар мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мемлекеттің стратегиялық басымдықтары – ұлттық экономиканы әртараптандыруды және адам капиталын дамытуды іске асыруға арналған.

Заңды қабылдаудың мақсаты - экономиканы әртараптандыру, ішкі және келу туризмін дамыту, адами капиталды нығайту және балалар мен жасөспірімдер үшін спорттың қолжетімділігін арттыру жөніндегі мемлекеттік басымдықтарды іске асыру. Осы құжат арқылы Қазақстан Республикасының 13 Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
- Заң туризм саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіруге, ұғымдық аппаратты біріздендіруге, туристік инфрақұрылымды дамытуды және қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктерін рәсімдік тұрғыдан жүйелеуге, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортын қаржыландыру мен басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Туризм саласын дамытуға қатысты заңмен «гид», «экскурсия жүргізуші», «туризм нұсқаушысы», «туристік ресурстар» және «туризм объектілері» сияқты негізгі ұғымдар нақтыланып, біріздендіріледі. Гидтер мен туризм нұсқаушыларының қызметі кәсіпкерлік нысанына байланысты шектелмейтін болады, бұл құқықтық бейтараптықты сақтап, білікті мамандардың санын арттыруға жол ашады, - деді сенатор Амангелді Есбай.
Палата отырысының күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан кейін сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Атап айтқанда, сенатор Жанна Асанова стационарлардағы пациенттердің отбасыларын хабардар етудің бірыңғай цифрлық контурын енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай қадам дәрігерлерден өзіне тән емес функцияларды алып тастауға, сыбайлас жемқорлықтың негізін жоюға және халықтың сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Ал депутат Әлібек Нәутиев бірқатар ауылда Қазпошта қызметтерінің тоқтауына алаңдаушылық білдірді. Сенатор Жанболат Жөргенбаев су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жер асты суларының мониторингін жетілдіру мәселелерін көтеріп, тиісті бастамалар топтамасына назар аударды.