Сенаторлар халықаралық келісімдерді қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда палата депутаттары экономикалық саясат пен мемлекеттік басқару саласындағы ұлттық институционалдық әлеуетті нығайтатын құжатты қарап, Түркиямен арада әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік тасымалдауға қатысты келісімді пысықтайды.

Сенат
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Сонымен, сенаторлар алдымен «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Валюта Қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін өңірлік әлеуетті дамыту орталығына қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы» Заңды қарайды. Бұл меморандумды Мәжіліс 8 сәуірде ратификациялаған еді.

Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, меморандумның ережелері орталықтың Алматы қаласындағы кеңсесінің жұмыс істеуі мен орналасуы, сондай-ақ кеңес қызметкерлерінің Қазақстанда болу шарттарын регламенттейді.

Атап айтқанда:

- Орталықтың құрылымы және штаттық құрамы;

- Орталықтың басқару органдары;

- Орталықтың оқу бағдарламаларына қатысу тәртібі;

- Орталық пен оның қызметкерлеріне берілетін иммунитеттер мен артықшылықтар.

- Бұл – Қазақстандағы халықаралық ұйымдардың қызметі туралы келісімдерге арналған стандартты ережелер жиынтығы. Халықаралық валюта қорының орталығының Қазақстанда орналасуы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етіп, экономикалық саясат пен мемлекеттік басқару саласындағы ұлттық институционалдық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан үшін ХВҚ орталығы – консультациялар, кәсіби білім беру және экономикалық семинарлар алаңы ғана емес, сонымен қатар стратегиялық ресурс. Бүгінде орталық 100 миллионға жуық халқы бар 9 елді біріктіреді және ХВҚ-ның жаһандық желісінің бір бөлігі саналады, - деді ол.

Казахстан Турция Қазақстан Түркия
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Сенаторлар Мәжіліс 8 сәуірде қабылдаған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды да пысықтайды.

Сол кезде Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков келісімге 2024 жылғы 11 қыркүйекте қол қойылғанын атап өткен болатын.

— Келісімге екі мемлекеттің әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзиті үшін құқықтық негіз жасау және шарттарды реттеу мақсатында қол қойылды. Транзит екі мемлекеттің уәкілетті органдары беретін бір жылдық немесе бір реттік рұқсат негізінде жүргізіледі. Бұл тұрғыда әскери әуе кемелеріне арналған бір жылдық дипломатиялық рұқсат, сондай-ақ бір жылдық рұқсаттарға енгізілмеген әуе кемелерінің ұшуына арналған біржолғы рұқсат ескерілген. Рұқсаттарға сұрау салулар белгіленген мерзімдерде дипломатиялық арналар арқылы беріледі. Бұл ретте, әрбір мемлекет транзитке кез келген рұқсат беру туралы сұрау салудан бас тарту, сондай-ақ егер Тараптардың бірі әскери мүлік пен персоналдың сұралатын транзиті осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейді немесе ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп есептесе, берілген рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру немесе қайтарып алу құқығын өзіне қалдырады, — деді ол.

Флаг Казахстан Таджикистан Қазақстан Тәжікстан
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Естеріңізге сала кетсек, палатаның өткен аптадағы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.

Қазақ-тәжік ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруді көздейтін бірінші құжатқа Мемлекет басшылары Қазақстан Президентінің Тәжікстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында 2024 жылғы 22 тамызда Душанбеде қол қойған.

26 баптан тұратын Шартта саяси, әскери, сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, көлік-транзиттік, азық-түлік, өнеркәсіптік, су-энергетикалық, экологиялық, цифрлық, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту көзделеді. Сонымен қатар, бұл құжат аясында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты да одан әрі нығайтуды қолдайды.

Қазақстан Англия
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ал екінші келісім саяси, экономикалық, құқықтық, гуманитарлық және экологиялық өзара іс-қимылдың негізгі қағидаларын бекітіп, қазақ-британ ынтымақтастығын сапалық жаңа деңгейге көтереді.

- Экономикалық тұрғыдан алғанда, Келісім инвестициялар тартуға, сауданы дамытуға және Қазақстан үшін басым секторларда – энергетика мен жаңартылатын энергия көздері, тау-кен өнеркәсібі, жоғары технологиялар мен цифрландыру, қаржы қызметтері, ауыл шаруашылығы және орнықты су пайдалану бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Ұлыбритания - Қазақстан экономикасына 23 млрд АҚШ долларынан астам тікелей инвестиция салған ірі инвесторлардың бірі. Келісімді ратификациялау еліміздің болжамды құқықтық ортасы мен ашық бизнес жүргізу қағидаттары бар сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтады. Өңір үшін бұл – капиталдың келуін, британдық компаниялармен және университеттермен тікелей ынтымақтастық орнату мүмкіндігін білдіреді, - деген еді сенатор Геннадий Шиповских.

Күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан кейін депутаттар Үкімет мүшелеріне сауалдарын жолдады. Атап айтқанда, Сүйіндік Алдашев «Қорғас» шекара маңы кластерінің жұмысындағы проблемаларға тоқталды.

«Қорғас» ШЫХО: келушілер саны 1,8 млн-ға жетті
Фото: Жұмабай Мұсабеков

- Қорғас қаласында Қазақстан Республикасының консулдығының бөлімшесін орналастыру, үкіметаралық деңгейде қазақстандық жүргізушілерге шекараны жүкпен де, онсыз да еркін кесіп өту құқығын беру мәселесін пысықтау қажет. «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінің тізбесіне енгізу мәселесін қарастыру және Қазақстан мен Қытайдың арнайы экономикалық аймақтары арасында тікелей теміржол және автожол салу жобасына бастама жасау қажет. Бұл көлік ағындарын қайта бағыттауға және жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», - деді Сүйіндік Алдашев.

Ал Бибігүл Жексенбай платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеу және цифрлық сервистер арқылы жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесін көтерді.

- Салық жүктемесін жеңілдету үшін әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде шығындарды, яғни жанармай, көлік жөндеуді шегеріп тастау әдістемесін де қарастыруды ойластыру керек. Құқықтық мәртебе және тарифтік кепілдіктер бағытында платформалық жұмыстың ерекшеліктерін ескеретін жеке заңнамалық акт әзірлеуді, онда «тәуелсіз қызметкер» мәртебесін бекітіп, ең төменгі сағаттық төлем стандарттарын енгізуді қарастыру керек, - деді Бибігүл Жексенбай.

Соңғы жаңалықтар