Серік Шәпкенов атыраулықтарды дүрбелеңге салынбауға шақырды

Атырау облысының әкімі
Фото: Атырау облысының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тұрғындарды дүрбелеңге салынбауға шақырды. 

Әкімнің айтуынша, төтенше жағдай режимі су тасқынына дайындықты күшейту үшін жарияланған.

«Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне өте қомақты көлемде су жіберіліп жатыр. Су өзен арқылы Атырау жеріне де жетеді. Бұл су тасқыны қаупін тудыруы мүмкін. Осы мәселені ескеріп, барлық қарсы күш-құралды жұмылдыру үшін табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялауға шешім қабылдадым. Бірақ бүгін-ертең төніп тұрған қауіп жоқ. Сондықтан дүрбелең ұйымдастырмай, бәріміз су тасқынына қарсы тұруымыз керек. Барлық жағдайды бақылауымда ұстап отырмын», - деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төтенше жағдай жарияланған еді. 

«Атырау облысының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасары табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою басшысы болып тағайындалсын. Оған табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды жүргізу тапсырылсын», - делінген облыс әкімінің шешімінде. 

Сондай-ақ Атырау облысының білім беру мекемелерінде сабақ офлайн форматта жалғасатынын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар