Серік Жұманғарин бензин бағасы жөнінде: әкімшілік әдістермен күресу қиын

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізілуіне қатысты түсінік берді.

Серік Жұманғарин
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Бензинге де, дизельге де бағаның күрт өсуіне жол бермедік. Айына шамамен 2 теңгеге өсірді. Қазір нарықтағы жағдайды бағалау үшін уақытша мораторий қабылданды. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарынан көрші елде мұнай өнімдерінің бағасы күрт өсіп жатқанын білесіздер. Қазақстанда баға айтарлықтай төмен. Сондықтан түрлі сылтау, схемалармен жанар-жағармайымызды шетелге тасымалдау қаупі бар. Мұнымен әкімшілік әдістермен күресу қиын, - деді С. Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, Қазақстанның өзі мұнай өндіруіне қарамастан, сыртқы әсерден толық оқшаулана алмайды.

- Біз аралда емеспіз. Мұнайымызды өндіріп, өзімізді жанар-жағармаймен қамтамасыз ете аламыз. Бірақ ЕАЭО-да кедендік шекараның жоқтығынан мұнай өнімдерінің көршілес елдерге ағынын тежеу қиын. Сондықтан біз жағдайды уақытша бақылауға алу жөнінде шешім қабылдадық», - деді министр.

Айта кетейік, таяуда Үкімет бензин мен тариф бағасына мораторий енгізіліп, ипотека көлемі ұлғайту шешімін жария еткен болатын.

Сонымен қатар Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов келер жылы бензин бағасының күрт өсуіне жол берілмейтінін айтты.

 

Соңғы жаңалықтар