Сеул – Астана рейсі шұғыл Бейжің әуежайына қонуға мәжбүр болды
АСТАНА. KAZINFORM – Air Astana әуе компаниясының ұшағы техникалық ақауға байланысты Бейжің әуежайына шұғыл қонды.
Әуе кемесі 2026 жылғы 8 қаңтарда Сеул — Астана бағытындағы KC210 рейсін орындап жатқан. Компанияның мәліметінше, ұшақтағы барлық дәретханалардың істен шығуына байланысты әуе кемесі Қытай астанасындағы әуежайға қонған.
— Ұшақ жергілікті уақыт бойынша сағат 09:25–те әуеге көтеріліп, 11:50–де сәтті қонды. Қазіргі уақытта ақауды жою үшін қажетті қосалқы бөлшек күтіп отырмыз. Осыған байланысты рейстің ұшуы жергілікті уақытпен 01:00–ге шегерілді, — деп хабарлады Air Astana компаниясының баспасөз қызметі.
Қытай визасы талап етілмеген жолаушылардың басым бөлігі қонақүйге орналастырылды. Ал қалған жолаушылар транзиттік аймақта қалды. Оларға тамақ, сусын және жылы жамылғы ұсынылды.
Air Astana әуе компаниясы жолаушылардан келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін де осы әуе компаниясының ұшағы осындай техникалық себеппен ұшу бағытын өзгертуге мәжбүр болған еді.