Сеул соты Юн Сок Ёльді тергеп жатыр: пәтері тінтілді, телефоны тәркіленді

СЕУЛ. KAZINFORM – 2023 жылы теңіз жаяу әскері сарбазының қазасына байланысты тергеу жүргізіп жатқан арнайы прокурор тобы Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльдің Сеулдегі пәтерін тінтті. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.

Юн Сок Ёль
Фото: Yonhap

Агенттіктің дерегінше, марқұм Чхе Су Гынның ісін тергеп жатқан арнайы прокурор Ли Мён Хённің өкілдері үш сағатқа созылған тінту кезінде Юн Сок Ёльдің ұялы телефонын тәркілеген. Сол сәтте пәтерде тек Юн Сок Ёльдің жұбайы болған.

Оңтүстіккореялық теңіз жаяу әскері сарбазы Чхе Су Гын 2023 жылдың жазында жаңбырлы маусым кезінде іздеу-құтқару операциясы барысында қаза тапқан. Болжам бойынша, Юн Сок Ёль оның өлімін тергеу ісіне араласқан. Тергеу қорытындысында оқиғаға жоғары шенді әскери қызметкерлер кінәлі деп танылғаны экс-президенттің наразылығын тудырған.

Маусым айының басында жаңа президент Ли Чжэ Мён үш істі — әскери төтенше жағдайға байланысты оқиғалар, теңіз жаяу әскері сарбазының өлімі және Юн Сок Ёльдің әйелі қатысты жемқорлық айыптауларын тергеу үшін үш прокурор тағайындаған болатын. 10 шілдеде Сеулдің Орталық аудандық соты әскери төтенше жағдайға қатысты істі тергеп жатқан арнайы прокурор Чо Ын Соктың өтінішімен Юн Сок Ёльді қамауға алу туралы ордер берді.

Бұрынғы президент қазір Ыйван қаласындағы Сеул тергеу изоляторында қамауда отыр. Оған 3617 нөмірі берілген. Юн Сок Ёль 6,6 шаршы метрлік жалғыз адамдық камераға орналастырылған.

Ішкі ережеге сәйкес, ол алдымен медициналық тексеруден өтіп, бойы мен салмағы өлшеніп, суретке түсіріліп, арнайы форма берілген. Hankyoreh газетінің хабарлауынша, камерада жиналмалы үстел, раковина, дәретхана мен теледидар бар, сондай-ақ сағатына 50 минут жұмыс істей алатын желдеткіш те орнатылған. Соңғы күндері Сеулде рекордтық аптап тіркелген. Изолятор әкімшілігі Юн Сок Ёльге басқа тұтқындардан бөлек уақытта душ қабылдауға рұқсат берген.

Айта кетсек, Юн Сок Ёль қаңтардан наурызға дейін дәл осы Сеул тергеу изоляторында болған. Бірақ ол кезде ол әлі де президент лауазымында еді. Сондықтан оның қауіпсіздігін арнайы күзет қызметі қамтамасыз еткен. Наурыз айында жалпы юрисдикциядағы сот оның қамауға алу шешімінің күшін жойған, ал 4 сәуірде Конституциялық сот импичментті заңдастырды.

Айта кетейік, Оңтүстік Кореяның бұрынғы президентінің ісіне қатысты сот тыңдауына 2000-ға жуық полицей тартылады.

Соңғы жаңалықтар