Сеулде шерушілер Оңтүстік Кореяның бұрынғы президентін қамауға алуды талап етті

АСТАНА. KAZINFORM – Сенбі күні Сеулдің орталығына жиналған мыңдаған шеруші Оңтүстік Кореяның биліктен шеттетілген президенті Юн Сок Ёлды дереу қамауға алуды талап етті. Бұл туралы Euronews жазды. 

Сеулде шерушілер Оңтүстік Кореяның бұрынғы президентін қамауға алуды талап етті
Фото: Yonhap News

Корея Республикасында бірнеше апта бері ел басқаратын көшбасшы жоқ: парламентшілер президент Юн Сок Ёль мен оның мұрагері Хан Дук Суға импичмент жариялаған. Қазір елді экономика министрі басқарып отыр. 

Шерушілер сенбі күні Сеулдің орталығына жиналып, желтоқсанның басында әскери жағдай енгізуге әрекеттенгені үшін «бүлік жасады» деп айыпталған Оңтүстік Кореяның биліктен шеттетілген президенті Юн Сок Ёлды дереу қамауға алуды талап етті.

Жиналғандар Юнның қауіпсіздік қызметі араласқандықтан құқық қорғау қызметкерлері оны тұтқындай алмағанына наразылық білдірді.

Мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Юн Сок Ёлды ұстау әрекетін президенттің қауіпсіздік қызметі мен тергеушілер арасындағы бірнеше сағатқа созылған қарсылықтан кейін уақытша тоқтатқанын хабарлады.

Юнның жақтастары да көшеге шықты: олар Ұлттық жиналыс қабылдаған импичменттің жойылуын талап етті.

Биліктен кеткеніне қарамастан, Юн Сок Ёль өзінің кейбір артықшылықтарын сақтап қалды, ол қазір қауіпсіздік қызметінің қорғауында. Оның ісі Конституциялық сотта қаралып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Корея соты 14 желтоқсанда парламентте импичмент жариялау нәтижесінде өкілеттігі тоқтатылған Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёлды тұтқындауға және тінту жүргізуге ордер берді. 

Соңғы жаңалықтар