«Севоран» препаратын қолдану мәселесі қайта қарала ма – ДСМ жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы тіс емханалардың бірінде 3 жасар сәбидің мерт болуына байланысты «Севоран» препаратын қолдану мәселесі қайта қарала ма? Бұл сауалға бүгін Сенат отырысынан кейін Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жауап берді.
- Кез келген интервенция, оның ішінде тіс емдеу медициналық процедура саналады. Оған ең алдымен ата-аналар өте байыппен қарау қажет. Тіс емдеу, әсіресе кішкентай балалардың тісін емдеу олардың бәрі бірдей ауруды жеңіл көтере бермейтіндіктен күрделене түседі. Осыған байланысты анестезиологиялық дәрілер қолданылады. «Севоран» дәрісі бүкіл әлемде қолданылады, қауіпсіз саналады. Ол Қазақстанда 2007 жылдан бері қолданылып келеді. Клиникалық және анестезиологиялық хаттаманы жеке қарастыруды жоспарлап отырғанымыз жоқ. Өйткені, ішінде барлық сақтық шарасы жазылған, - деді вице-министр БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта министрлік тіс емханаларына ауқымды тексеру жүргізіп жатыр.
- Қазірдің өзінде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бүкіл Қазақстан бойынша шамамен 260 тіс емханасын тексерді. Стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарын бұзушылық анықталып, әкімшілік жаза түрі қолданылды. Әкімшілік айыппұлдардың сомасы шамамен 54 млн теңгені құрады. Бұған қоса, тек Жамбыл облысы бойынша ғана жедел әрекет ету шарасы қабылданып, 10 тіс емханасының қызметі тоқтатылды. Мұнан бөлек, комитет Алматы қаласы, Алматы облысында және өзге де өңірлерде бірқатар тіс емханасының қызметін тоқтатты. Бұл жұмыс жалғасып жатыр, - деді Тимур Сұлтанғазиев.
Естеріңізге сала кетсек, тіс емдеткен үш жасар қыздың өліміне байланысты сот қорытындысы бойынша стоматологиялық клиника басшысына жеке үкім шығарылды.
Ал анестезиолог Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігінде көзделген айып бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге медициналық қызмет көрсетуге байланысты жұмысты атқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ ол екі жылға бас бостандығынан айырылды.