Сейсмология институты Ғылым министрлігіне берілуі мүмкін бе
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгінгі күні Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы (сейсмология институты) Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағына алынған.

Былтыр ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сейсмология институтын өзі басқарып отырған ведомствоға қайтаруға қарсы емес екенін айтты.
Осы орайда, Kazinform тілшісі Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне және Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығына бұл мәселе бойынша сауалхат жолдады. Оған жауап берген ТЖМ өзінің ведомстволық бағынысты ұйымын басқа министрлікке беру мәселесі қарастырылып жатпағанын мәлімдеді. Бұл ақпаратты Ғылым министрлігі де растады.
Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов өз жауабында сейсмология институтын қауіпсіздік сұрақтарымен айналыспайтын ведомствоға беру орынсыз екенін атап өтті.
— «Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС мемлекеттің сейсмикалық қауіпсіздігі мәселелерімен айналысады. Жағдайды үздіксіз сейсмикалық бақылау және жедел талдау бойынша стратегиялық функцияларды орындайды. Аталған функциялар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзіретіне кірмейді. Осыны ескере отырып, «СБЗҰҒО» ЖШС-ны ҚР ҒЖБМ-нің қарамағына беруді орынсыз және елдің сейсмикалық қауіпсіздігінің мүдделеріне сай келмейді деп санаймыз, - деді ол.
Сонымен қатар Ғылым комитетінің басшысы сейсмология институты гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде министрлік тарапынан қаржыландырылатынын хабарлады.
— 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте «СБЗҰҒО» ЖШС-іне 2024 жылға — 157,287 млн теңге, 2025 жылға — 178 млн теңге қаржыландыру көзделген, - дейді Ғалымжан Жанқуатов.
Одан бөлек сейсмологиялық ғылым орталығына екі жобаны іске асыруға қаржы бөлінген. Атап айтқанда, 2024-2026 жылдарға арналған «Қазақстан облыстары мен қалаларының аумақтарының сейсмикалық қауіптілігін қазіргі ғылыми-әдістемелік негізде бағалау» жобасына жалпы сомасы 2 млрд 314 млн теңге (2024 жыл — 764 млн теңге, 2025 жыл — 850 млн теңге, 2026 жыл — 700 млн теңге) қарастырылған. Ал 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми жоба аясында биыл 26,4 млн теңге беріледі.
Агенттік сауалына жауап берген сейсмология институты өзге министрлікке ауысу бойынша позициясын түсіндірді.
— «СБЗҰҒО» мемлекет айқындаған басымдықтар шеңберінде ғылыми зерттеулердің сабақтастығын сақтай отырып және еліміздің сейсмикалық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған міндеттерді орындау үшін бейінді министрліктермен өзара іс-қимыл жасауға дайын, - делінген жауапта.
Айта кеткен жөн, сейсмология институты 1976 жылы Қазақ КСР Үкіметінің қаулысымен және Қазақ КСР Ғылым академиясы Президиумының қаулысымен құрылған. 2023 жылы «Сейсмология институты» ЖШС мен «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция» ЖШС біріктіру жолымен жарғылық капиталында мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен «Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС болып қайта құрылды.
Еске салайық, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов сейсмология институтының келешегі туралы пікір білдірген еді.