Шағын қалаларда бизнестің кез-келген түріне субсидия берілмек
Биылғы жылдың маусым айында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысының барлық аудандарында және Жем, Ембі, Темір сияқты шағын қалаларында кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылған болатын. Басты мақсат - ауыл шаруаларына кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандыру. Бағдарламалар мен оларды жүзеге асыру шарттары мен механизмдерін жергілікті жерде жете түсіндіру. Сондай-ақ «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ сияқты қаржы институттарымен, банктермен қызмет жасау барысында көмек көрсету. Әрбір аудан орталығында «Даму» қорының облыстық аймақтық филиалында оқудан өткізілген екі кеңесші маман жұмыс істеп жатыр. Олар «Даму» қорының «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жұмыс жасамайды. Орталыққа келген кәсіп жасауға ниетті ауыл тұрғындары кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша тегін кеңес алып қайтады. Мамандар кәсіпкерлерге оның бизнесінің ерекшелігіне, сұранысына байланысты тиімді бағдарлама ұсынады. Екінші деңгейлі банктерден несие алу барысында құжат жинауға да көмектеседі. Өйткені, құжат жинау көп уақытты талап ететін процесс. Бір жағынан, кейбір ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер құжаттарды қай жерде алу керек, оны қалай толтыру керектігін білмей, біршама қиналатыны рас. Сондықтан ауылдағы ағайын үшін бұл орталықтың орны бір төбе.
Аудандарда мұндай орталықтар ашылғаннан бері 1 қарашаға дейін 2000 тұрғынға 4000-нан астам қызмет түрі көрсетілген.
«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсету мүмкіндіктері қарастырылған. Кәсіпкерлердің бизнес жоспарларын әзірлеу, бухгалтерлік есеп, заң, сапа менеджменті, мемлекеттік сатып алуларға қатысу сияқты қызметтер тегін көрсетіледі. Жұмыс істеп тұрған және кәсібін енді бастағысы келетіндерге арналған түрлі оқу семинарларына, яғни қаржылай емес қолдау шараларына біздің аудандық орталықтағы кеңесші мамандарымыз өтініштер қабылдайды. Сервистік қызмет алуға қажеттілігі туындаған кәсіпкерлердің тобын құрып, олар үшін арнайы мамандарды ауылға шақырта алады. Бір сөзбен айтқанда, біздің мақсат шалғайдағы шаруаларды облыс орталығына шапқылатпай, кез-келген жұмыстарын мүмкіндігінше жергілікті жерде толық шешуге бағытталған», - дейді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының Ақтөбе облысы бойынша аймақтық филиалының бас менеджері Берік Нұрғалиев.
Айтпақшы, ағымдағы жылдың қазан айынан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының кейбір тұстарына оңтайлы өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістерге сәйкес, облысқа қарасты шағын қалаларда жүзеге асырылатын жобаларға қызмет түріне қарамастан субсидиялық көмек көрсетілетін болды. Кәсіпкердің банктен алған несиесінің бір бөлігін «Даму» қоры өтеп береді. Сондай-ақ банктен несие алу барысында кәсіпкердің кепілдігі жеткіліксіз болған жағдайда, «Даму» қоры кепілдеме береді. Кәсіпкер ісін жаңа бастаған болса, «Дамудың» 70 пайызға дейінгі кепілдемесі ұсынылады. Ал жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер үшін кепілдеме несиенің 50 пайызына дейін ұсынылады.