Үйірмелер ауылда да ашылса игі - 6 баласын шахматқа баулыған Арал тұрғыны
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Аралдық Мейірхан Бармағанбетов отбасындағы алты баласын да шахмат спортына баулыған. Олардың барлығы халықаралық және республикалық деңгейдегі бәсекелерде жеңімпаз және жүлдегер атанған. Жақында Түркістан қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде топ жарған баласы Ақылжан Мейірханұлы енді әлем чемпионатында бақ сынауға мүмкіндік алды. Осы орайда әңгімеге тартып, балалары жөнінде және еліміздегі шахмат спортының дамуы жөнінде ой бөлісен едік.
- Алдымен шахмат ойынының ерекшелігі туралы айтып өтсек...
- Шахмат әлемдегі кең таралған ойындардың бірі саналады. Ежелден қалған аңыздар бойынша, шахматты ең алғаш болып біздің дәуірімізге дейін 1000 жыл бұрын үндістандық математик ойлап тауыпты. Ал кейбір деректер бойынша, шахмат біздің дәуірімізге дейін II-III ғасырда Мысыр, Ирак және Үндістанда пайда болған. Алайда, бұл ойыны туралы дәлелді нақты ақпарат болмағандықтан, көптеген тарихшылар шахматтың тарихын біздің дәуірімізден кейінгі 570 жылдан басталады деген тоқтамға келіп жүр. Шахмат туралы парсы дастандарында осы дәуірдің 600 жылдарында Үндістанда пайда болған деп жазылған. Ғасырлар бойы елге аса танымал болған шахматтан ресми әлем чемпионаты 1886 жылы өтті.
Қазақстанда шахмат жақсы дамып келе жатыр. Кейінгі он жылда көп өзгеріс болды. Елімізде шахматтың рапид және блиц түрінен Әлем чемпионаты өткізілді, қаншама жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Тоқсаныншы жылдан бері беделді бәсекеде қазақстандық шахматшылар ел намысын абыроймен қорғап жүр. Алдағы уақытта қазақ баласынан Әлем чемпионы шығады деген ойдамын. Оған көп дайындық керек. Рас, қазір жасөспірімдер мен жастар арасында дүниежүзінде алдыңғы қатардан көрініп жүрген өрендер аз емес. Олардың әлемді мойындатып жатқаны қуантады. Жалпы, ересектер арасында чемпион болу өте қиын. Өйткені, бәсеке өте жоғары. Жетістікке жетуге талпынған әрбір адамның мол тәжірибесі болғаны дұрыс.
- Қазір әлемде шахматтың дамуы жөнінен қай елдер алда келеді? Бұл бағытта біздің елімізде қандай жұмыстар қолға алынуы тиіс деп ойлайсыз?
- Жер шарында халқының саны жөнінен алдыңғы қатарда тұрған Қытайдың өзінен Әлем чемпионы жақында ғана шықты. Бүгінде норвегиялық Магнус Карлсеннің аты озып тұр. Әзірге оған ешкім тең келер емес. Кім біліпті, алдағы уақытта әлем жұртшылығы қазақ баласының шеберлігіне таңдай қағатын уақыт та келіп қалар. Осы орайда барлық өңірде шахмат мектебі ашылса деймін. Мәселен, өзім тұратын Арал өңірінде қаншама дарынды өрендер бар. Оларды қалай іздеп табамыз? Әзірге осы жағы кемшін түсіп тұр. Сондықтан үйірмелерді ауылдық жерлерден ашу мәселесін назардан тыс қалдырмайық дегім келеді. Жалпы шахматты дамытуға өте көп қаржы қажет емес. Өкініштісі, бұл мәселе әлі де кенже қалып жүргені қынжылтады. Барлық жерде арнайы үйірмелер жұмыс жасаса деген ұсынысым бар.
- Балаларыңыздың барлығын шахматқа баулуыңызға не себеп болды?
- Өзім шахматты әуесқой деңгейде ойнаймын. Кезінде газет-журнал беттерінен венгриялық апалы-сіңлілі Полгарлар туралы оқыған едім. Апалы-сіңлілі Жужа, София және Юдит кезінде әлем жұртшылығына жақсы танылды. Оларды шахмат өнеріне баулыған әкесі Ласло Полгар болатын. Содан кейін өзінің балаларымды шахматқа баулып, олардың жоғары деңгейдегі турнирлерге қатысуына барынша қолдау көрсетіп келемін. Мейірхан ағамыздың отбасындағы үш ұл, үш қыздың бәрі ойлылар ойыны саналған өнерді жан-жақты меңгеріп алды. Қазірге дейін балаларым Сағыныш, Сақыпжамал, Мейіржан, Сабина кезінде сан алуан жарыстарда топ жарды. Шахмат есепке құралған ойын ғой. Бір қызығы, алдыңғы төрт балам жоғары оқу орнында математика пәнін таңдады. Қазір мектепте оқитын Ақылжан мен Айзере елімізде жасөспірімдер арасында бақ сынап келеді. Негізі Ақылжан төрт жасынан бастап шахмат ойнайды. Бес жасында алғаш рет ел біріншілігінде бақ сынады. Содан бері жеті жылдан астам уақыт өтті. Әрдайым жүлдегерлер қатарынан көрініп жүргені қуантады. Рапидтен чемпион атанды. Кейінгі жылдары оны ағасы Мейіржан баулып жүр. Әртүрлі әдісін үйретті. Соның арқасында Ақылжан ойынға басқаша қарай бастаған секілді. Өзін-өзі дамытып, жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Кішкентай қызым Айзере де биіктен көрінуді қалайды.
- Енді Ақылжан туралы аз-кем айта кеткеніңіз артық болмас. Оның болашағы жайынде не айтасыз?
- Қуаныштысы, Ақылжан алдағы уақытта шахматтан Бразилияда жалауын көтеретін балалар мен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатына жолдама алды. Мұндай мүмкіндікке жақында Түркістан қаласында өткен 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер ел біріншілігінде қол жеткізді. Ел біріншілігінде ол классика түрінен топ жарса, рапидтен екінші орынға табан тіреді. Қазір ол аудан орталығындағы Ж.Әбдірашов атындағы №62 мектеп-лицейінде оқиды. Білікті мамандар ауыл баласының толағай табысын білікті мамандар жоғары бағалады.
Балаларды жарысқа өзім алып барамын. Сайыс барысында кеңес беруге тырысамын. Әрбір жеңіс осындай өлшеусіз еңбектің жемісі. Ұлдың кенжесі Ақылжанның Әлем чемпионатына жолдама алуы көп жылғы еңбектің жемісі деп білемін.