Зор үміт: Шетелдік БАҚ Президенттің Қатарға сапарын талқылап жатыр

Қатар
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға мемлекеттік сапарына халықаралық БАҚ ерекше назар аударды. Шетелдік басылымдар Қазақстан мен Қатар арасындағы қарым-қатынастың нығаюы туралы не жазды? Бұл туралы Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Зор үміт, кемел келешек – халықаралық БАҚ Мемлекет басшысының Қатарға сапары жайлы

Бұл Қазақстан Президентінің бұл елге алғашқы мемлекеттік сапары.

Қатардың Doha News ақпарат агенттігі Қазақстан мен Қатар заң, жұмыспен қамту, ақпараттық технологиялар, әлеуметтік даму, жастар бастамалары, адалдық, банк ісі, телекоммуникация, энергетика сияқты әртүрлі секторларда және инфрақұрылымдық жобаларда көптеген келісіммен қарым-қатынасын «бекітіп» жатқанын жазды.

Келісімдердің арасында екі ел басшылары сот ынтымақтастығы үшін жаңа прецедент болатын қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы маңызды пакетке қол қойылғанын атап өтті, – деп хабарлады Doha News.

Басылымның мәліметінше, Қатар банкі Lesha Bank мен қазақстандық «Бәйтерек» венчурлық қоры арасындағы келісімге, сондай-ақ Mobile Telecom Service компаниясымен стратегиялық келісімге қол қойылғаннан кейін экономика және технологиялық секторлар айтарлықтай серпін алады.

Энергетика және инфрақұрылымдық жобалар да назарда болды. Атап айтқанда, энергетиканы дамытуға бағытталған бірнеше жобаны қамтитын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, оның ішінде Қашаған кен орнында электр станциясы мен газ өңдеу зауытының құрылысы бар.

Сондай-ақ, Қатар мен Қазақстан арасындағы синергетикалық дамудың маңыздылығы мен әлеуетін арттырып отырған сектор – байланыс және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум бекітілді.

Жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықтың 2024-2026 жылдарға арналған бірінші атқарушы бағдарламасының бастамасы айтулы оқиға болды. Бұл бағдарлама екі елдің өскелең ұрпақтарына пайдалы идеялар мен бастамалардың белсенді алмасуына ықпал етуге бағытталған, – деп жазды Doha News.

Қатар
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

 

Qatar news agency Қазақстан Президенті Қатардың өркендеп келе жатқан экономикасы мен бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясатын жоғары бағалағанын атап өтті.

Бүгінде Қатар – озық және қарқынды дамып келе жатқан экономикасымен, сондай-ақ белсенді әрі бейбіт сыртқы саясатымен танымал. Жоғары Мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің басшылығымен сіздердің еліңіз үлкен жетістіктерге жетті. Қатар өзінің қуатты экономикасын және өркендеген қоғамын мақтан тұтуына болады, – деп келтіреді басылым Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар Мемлекетінің Консультативтік кеңесінде (Әл-Шура Консультативтік Мәжілісі) сөйлеген:сөзін.

Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы «ауқымды реформаларға аса маңызды заңнамалық қолдау көрсетіп, негізгі ішкі процестерді қадағалап отыратын» Шура Кеңесінің даму және жаңғырту үдерісіндегі рөлін жоғары бағалап, еліміздің «сот төрелігі, заң үстемдігі, теңдік және жауапкершілік қағидаттарына негізделген «Әділетті Қазақстанды» құру жолында күш-жігер жұмсап жатқанын» атап өтті.

Сонымен қатар, The Тimes of Central Asia Қазақстан Президенті Қатар парламентінің кворумында сөз сөйлеген алғашқы шетелдік көшбасшы болғанына назар аударды.

Ақпарат агенттігінің мәліметінше, мемлекеттік деңгейдегі келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев елдер арасында толыққанды стратегиялық әріптестік орнатуды ұсынған. Сонымен қатар, Қазақстан басшысы 2025 жылы Парсы шығанағы мен Орталық Азияны байланыстыратын интермодальдық көлік желісін дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және бір-бірінің астаналарында Қазақстан мен Қатардың мәдени көрмелерін ұйымдастыру қажет екенін атап өтті.

Келіссөздер барысында Тоқаев 250 миллион долларға 60 шикізат емес тауардың Қатарға экспортын ұлғайтуға дайын екенін айтты, сондай-ақ екіжақты тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыруды ұсынды, – деп жазады The Times of Central Asiа.

Агенттіктің хабарлауынша, Қазақстан тарапы мен Қатар Әмірі Тәмим бен Хамад әл-Тәни арасындағы келіссөздердің қорытындысы бойынша он шақты құжатқа қол қойылған. Сонымен бірге, негізгі келісім «QazaqGaz» мемлекеттік компаниясы» АҚ мен Қатар UCC Холдингі арасындағы Қазақстанның Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарын салудағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ энергетика және газ саласындағы, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Энергетика министрлігі және Qatar Energy International Holding арасындағы жобаларға бағытталған.

Qatar news agency мәліметінше, Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі елшісі Арман Исағалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дохаға сапары екі ел арасындағы кең серіктестікті дамытуға және екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға ұмтылысын айғақтайтынын атап өтті.

Қатар ақпарат агенттігімен (QNA) сұхбатында елші сапардың күн тәртібінде БҰҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі сияқты халықаралық ұйымдардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау болатынын айтты. Бұл сапарда Ислам Азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы аясындағы азық-түлік қауіпсіздігіне де үлкен мән беріледі, деп жазады басылым.

Редакцияның хабарлауынша, дипломат Қазақстан Республикасы Президентінің Қатарға алғашқы мемлекеттік сапарын екіжақты ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге көтеретін тарихи оқиға деп санайды.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпанның 13-14-інде Қатарға мемлекеттік сапармен барды. Сарапшылар Қазақстан Президентінің сапарының негізгі мақсаты инвестиция және екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру деп бағалаған. Бұл туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.

Сондай-ақ, Kazinform тілшісі Президент сапарының қорытындысына шолу жасап, басты келіссөздер мен кездесулерге тоқталды.

Соңғы жаңалықтар