«Шахта – бұл жай ғана жұмыс емес, бұл – тағдыр»: кеншілер әулетінің тарихы

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Ол 32 жыл жер астында еңбек еткен, «Шахтер даңқы» құрмет белгісінің иегері және оның 260 жылдық жалпы әулеттік еңбек өтілі бар. Qarmet көмір департаментінің дайындық жұмыстары жөніндегі техникалық директордың орынбасары Темірхан Шәрікбаевтың еңбек жолы қарапайым үңгушіден басталып, басшылыққа дейін жалғасқан. Бүгінгі кейіпкеріміз шахтадағы қызметтің ерекшеліктері және жастардың бұл мамандықты неліктен таңдайтынына тоқталды. 

Темірхан Шәрікбаев
Фото: Темірхан Шәрікбаевтың жеке мұрағатынан

Темірхан Маханұлы, бұл салада қанша жылдан бері еңбек етіп келесіз?

– Көмір өнеркәсібінде 1993 жылдан бері, яғни 32 жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеп келемін. Ал қазіргі қызметке ауысқаныма үшінші жыл болды. Еңбек жолымды Қарағанды тау-кен техникумын тәмамдағаннан кейін бірден Костенко атындағы шахтада үңгуші болып бастадым. Кейін тау-кен шебері, көмекші, орынбасар, учаске бастығы болдым. Біраз уақыт ауысымды басқардым. Кейін Көмір департаментіне ауыстым. 

Уақыт өте келе еңбек қауіпсіздігі саласына ойыстым. 2018 жылдан бастап Еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік басқармасында жедел жұмыстар жөніндегі менеджер болып істедім. 2023 жылы маған ұңғыма бойынша техникалық директордың орынбасары қызметі ұсынылды. Сол уақыттан бері Qarmet көмір департаментінің барлық 8 шахтасындағы дайындық жұмыстарына жетекшілік етемін. 

«Шахта – бұл жай ғана жұмыс емес, бұл – тағдыр»: кеншілер әулетінің тарихы
Фото: Темірхан Шәрікбаевтың жеке мұрағатынан

– Әулетіңізде шахтер мамандығын таңдап, тау-кен саласында еңбек етуді бастаған кім?

– Біздің әулетімізде шахтерлердің екі буыны бар. 1993 жылы шахтаға келгенімде әкеммен бір бригадада жұмыс істедім. Ол 18 жасынан бастап жер астына түсіп, Костенко атындағы шахтада 40 жылдан астам еңбек етті. Әкемнің бауырлары да кенші болды. Бір әулеттен шыққан бес ағайынды әр жылдары әртүрлі шахталарда еңбек еткен. Кейін біз де, яғни мен және немере ағам, осы жолды таңдадық. Әскерден кейін бірден шахтаға бардық. Әулетіміздің жалпы жер асты еңбек өтілін есептегенде шамамен 260 жыл шығады. Балаларымыз әзірге жас, болашақта дәстүрді жалғастыра ма – оны уақыт көрсетеді. 

Кенші әулетінің өкілі болу сіз үшін нені білдіреді – мақтаныш па, міндет пе, әлде жауапкершілік пе?

– Ең алдымен, мен үшін бұл – мақтаныш. Әрқашан әкемді үлгі тұттым. Ол «Шахтер даңқы» белгісінің үш дәрежесін алған. Мен де еңбегімнің бағаланғанын қаладым. Биыл осы белгіні иеленгенде, шынымды айтсам, қатты қуандым. Бұл – шахтер үшін ең мәртебелі марапаттардың бірі.

– Еңбек жолыңызды бастаған кездегі сәулелі сәттер есіңізде ме?

– Алғашқы жұмыс күнін нақты есімде сақтамадым, бірақ техникумда оқып жүргенімде тәжірибеден өткен уақытты есімде жақсы сақтап қалыппын. Шахтаға жұмысқа орналасқанымда, бастапқыда жас әрі тәжірибесіз болсам да, қасымда әрқашан мамандықтың қыр-сырын үйрететін аға буын жүрді. Бұл – мен үшін керемет мектеп болды.

«Шахта – бұл жай ғана жұмыс емес, бұл – тағдыр»: кеншілер әулетінің тарихы
Фото: Темірхан Шәрікбаевтың жеке мұрағатынан

Кеншілер отбасында қандай дәстүрлер сақталған?

– Ең берік дәстүрлердің бірі – «тормозок». Бұл сөзді тек Қарағанды кеншілері жақсы біледі. Бұрын тіскебасар азықты газеттерге ораса, қазір контейнерлерге салып береді, бірақ мәні өзгермейді. Бұл – шахтер үшін жай ғана ас емес, отбасылық қамқорлықтың, жылулықтың белгісі. Әуелі анам әкеме «тормозок» жинап беретін, кейін жұбайым маған дайындайтын. Бұл әрқашан «сені жақындарың үйде күтіп отыр» дегенді еске салатын.

Кейінгі жылдары шахтер қызметі қалай өзгерді? 

– Айтарлықтай өзгерді. Ең әуелі адамдар мен материалдарды жеткізу әлдеқайда қауіпсіз бола түсті. Бұрын арқан мен шығыр қолданылатын, одан кеншілер жиі жарақат алатын. Қазір дизельді локомотивтер әрі жүк, әрі адамдарды тасымалдайды.

Техника паркі де жаңарды. Мен еңбек жолымды бастаған кезде комбайн аз болатын, көп жұмыс бұрғы-жарылыс әдісімен атқарылатын. Қазір шахталардың тереңдігі де артты, газ қаупі жоғары, сондықтан бұл әдіс тиімсіз әрі қауіпті. Qarmet белсенді түрде техниканы жаңартып жатыр. Жуырда сегіз заманауи қызба өткіш комбайн сатып алынды. Олар тозған машиналардың орнын басады.

Сонымен бірге заманауи бақылау жүйелері енгізілді. Бұрын ақаулар кеш анықталатын, ал қазір газдың шамадан тыс көбеюі бастапқы кезеңде тіркеледі. Сигнал диспетчерге, мамандардың телефондарына, сондай-ақ Qarmet көмір департаментінің орталық диспетчерлік-талдау орталығына бір уақытта түседі. Бұл – қауіпсіздікті арттырудағы үлкен жетістік. 

«Шахта – бұл жай ғана жұмыс емес, бұл – тағдыр»: кеншілер әулетінің тарихы
Фото: Темірхан Шәрікбаевтың жеке мұрағатынан

– Қарағандыдағы жас кеншілерге қандай кеңес айтар едіңіз?

– Әрқашан айтып жүретін кеңесім: егер кенші мамандығын тәмамдасаң – оны практика жүзінде іске асыру керек. Әйтпесе біраз уақытты зая кетіресің. Кез келген ата-ана баласын оқуға бергенде, оған үміт артады.

Qarmet компаниясы тұрақтылықты, әлеуметтік пакетті және лайықты еңбекақыны қамтамасыз ете алады. Мұнда кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік зор. Жұмыс істеуге ынтасы бар, өзін көрсеткісі келетін адам әрқашан сұранысқа ие болады.

– Сұқбаттасуға уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

Соңғы жаңалықтар