Шахтадағы апат: төтенше жағдайдың алдын ала себебі аталды
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақмыс» корпорациясының хабарлауынша, алдын ала мәліметке сәйкес корпорация кеніштеріне тән емес табиғи газдың жарылысы болған.

- Алдын ала мәліметтер бойынша, «Қазақмыс» корпорациясының кеніштері үшін тән емес табиғи газдың жарылысы болған. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Қайғылы жағдайды тергеу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС трагедияның барлық мән-жайын анықтауда толық көмек көрсетуде, - делінген хабарламада.
«Қазақмыс» басшылығы мен ұжымы қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін сағат 16:50-де Ұлытау облысындағы шахтада апат болып, 7 адам төтенше жағдайда қалған еді.
Оқиға орнына жедел жәрдем бригадалары жөнелтілді. Кабельдердің үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс жоқ. Шахтада қалған жұмысшылардың тізімі белгілі болды.
Ұлытау облысында шахтаның опырылуына байланысты үкіметтік комиссия құрылған еді.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар тобы «Қазақмыс корпорациясының» 6 жұмысшының денесін тапты.