Шахтадағы апат: Қытай төрағасы қазақстандықтарға көңіл айтты
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қарағанды облысындағы кен орнында болған апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты шет мемлекеттердің басшыларынан, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары әлі келіп жатыр. Кazinform бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қайғылы оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына көңіл айтты.
«Қазақстанның Қарағанды облысындағы шахтада болған апат салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қытай Үкіметінің және халқының, сондай-ақ өзімнің атымнан қайтыс болған азаматтардың отбасылары мен жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын», – деп жазылған жеделхатта.
Көңіл айту жеделхаттарын Болгария Президенті Румен Радев, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы Желька Цвиянович, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай және басқалар жолдады.
Бұған дейін апатқа байланысты Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Франция президенттері мен Түркия Сыртқы істер министрлігі, Армения премьер-министрі көңіл айтқан болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы қайғылы оқиғаға орай көңіл айтқан барлық шет мемлекеттер басшылары мен қазақстандықтарға ризашылығын білдірді.
Еске салайық, 28 қазан күні түнгі сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт тұтанып, артынан жарылыс болды. Жер астында жұмыс істеп жатқан 252 кеншінің 206-сы өз бетімен жоғары шықты.
Соңғы мәлімет бойынша 45 кеншінің денесі табылды, біреуі іздестірілп жатыр.
Ауруханаларға 28 адам жеткізілді.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі 8 шахтаның жұмысы уақытша тоқтатылды.
29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қарағанды өңіріне барған Мемлекет басшысы Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді. Кейін Үкіметтің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік құқығын ҚР меншігіне қайтару туралы келісімшарттың аяқталуға жақын екенін мәлім етті.
ҚР Үкіметі апаттан қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетінін жариялады.