Шахтадағы апат: Компания қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көмек көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақмыс» ұжымдық келісімшартқа сәйкес «Жомарт» кенішінде қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсететінін атап өтті.

Шахтадағы апат: Компания қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетеді
Фото: Қазақмыс

- Әлеуметтік және материалдық қолдау мақсатында, соның ішінде моральдық зиянды өтеу үшін, қаза тапқандардың отбасыларына жұмыскердің орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшері және 2 миллион теңгеден астам жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға төленеді.

Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несие және қарыздарын жабу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған, - делінген хабарламада. 

«Қазақмыс» басшылығы мен ұжымы қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін сағат 16:50-де Ұлытау облысындағы шахтада апат болып, 7 адам төтенше жағдайда қалған еді.

Оқиға орнына жедел жәрдем бригадалары жөнелтілді. Кабельдердің үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс жоқ. Шахтада қалған жұмысшылардың тізімі белгілі болды.

Ұлытау облысында шахтаның опырылуына байланысты үкіметтік комиссия құрылған еді.

Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар тобы «Қазақмыс корпорациясының» 6 жұмысшының денесін тапты.

Сондай-ақ шахтада болған төтенше жағдайдың алдын ала себебі аталған еді

Соңғы жаңалықтар