Шахтадағы апат: Өзбекстан президенті қазақстандықтарға көңіл айтты

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев Қарағанды облысында орналасқан Костенко атындағы шахтада болған қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Kazinform.

шавкат мирзиеев
Фото: gazeta.uz

Қазақстан Президентімен хабарласқан Шавкат Мирзиеев осы оқиғаның салдарын жою үшін қажетті көмек көрсетуге дайын екенін айтты.

«Өзбекстан президенті шахтада қалған кеншілерді тезірек құтқаруға үміттенетінін және осы оқиғаның салдарын жоюға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін айтты», - делінген аталған ел басшысының ресми сайтында.

Сондай-ақ телефон арқылы екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланған.

Еске салайық, 28 қазан, түнгі сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Сағат 17.33-тегі мәлімет бойынша 33 кеншінің денесі табылды,13 адам іздестіріліп жатыр. 20 жұмысшы ауруханаға жеткізілді. 

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға тиесілі 8 шахтаның жұмысы уақытша тоқтатылды.

Кешқұрым брифинг өткізген Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жер астында қалған кеншілерді тірі табуға үміт өте аз екенін мәлім етті.

Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалы директорының орынбасары Жұмат Өкенов мерт болған кеншілердің жеке басын анықтау қиынға түсіп жатқанын айтты.

Президент Қ.Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні етіп жариялайтын Өкімге қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді. Кейін Үкіметтің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік құқығын ҚР меншігіне қайтару туралы келісімшарттың аяқталуға жақын екенін мәлім етті.

ҚР Үкіметі апаттан қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетінін жариялады. 

Апатқа байланысты Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Франция президенттері мен Түркия Сыртқы істер министрлігі көңіл айтты.

Kazinform «АрселорМитталТеміртау» тарихында қандай апаттар болғаны туралы шолу ұсынған болатын. 

Соңғы жаңалықтар