«Шахтер» футбол командасы Бірінші лигада екінші орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының ІХ турында қарағандылық «Шахтер» жеңіске жетті.

Кеншілер биыл Қазақстан Премьер-лигасынв қайта оралуды алына мақсат етіп отыр. Сондықтан әрбір ойында жеңіске жетуге бар күшін салып келеді. Соған қарамастан кейінгі 5 турда екі мәрте тең түсіп, біреуінде жеңіліп қалса, біреуінде ғана үш ұпай олжалады.
Бүгін олар өз алаңында алматылық AKAS командасын қабылдады. Ойынның бастапқы кезеңінде Алатау баурайынан келген футболшылардың белсенділігі байқалды. Десе де «Шахтер» сапынан Айдос Тәттібаев 4-минутта есеп ашты. Оған алматылық клубтан Шерзат Пірімбердиев 11, Аруп Саутов 13-минутта екі голмен жауап берді.
Ал Айдос Тәттібаев 40-минутта тағы мәрте мергендік танытып, таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде «Шахтер» сапынан Олжас Керімжанов 51, Алмас Нүсіп 76-минутта гол соғып, қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша қарағандылық клуб қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 20 ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Дәл қазір «Қайрат-2» (Алматы) мен «Жетісай» (Түркістан облысы) кездесуінің бірінші кезеңі аяқталды. Әзірге алматылық клуб 1:0 есебімен алда келеді.
Сондай-ақ аталған турды бүгін «Ертіс» (Павлодар) мен «Каспий» (Ақтау) командалары түйіндейді.
12 маусымда өз алаңында «Ақтөбе-2» Шымкенттің «Академия Оңтүстік» клубынан 1:2, астаналық «SD Family» Өскеменнің «Алтайынан» 0:1 есебімен жеңіліп қалса, Павлодар облысының «Екібастұзы» «Тараздан» 4:1, алматылық «Хан тәңірі» (Алматы) «Түркістаннан» 4:3 есебімен басым түсті.