Шахтерлердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі қашан шешіледі

Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова шахтерлердің зейнет жасын төмендету мәселесі қашан шешілетінін айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Шахтер
Фото: ҚазАқпарат

«Біз жыл соңына дейін заң жобасын енгізуіміз керек. Бүгінгі таңда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өмірді сақтандыру компанияларымен бірлесіп есептеулер жүргізуде. Біз өз тарапымыздан екі талапты айқындадық - бұл шахтерлердің 55 жастан асуы және БЖЗҚ-да 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы», - деді Светлана Жақыпова БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Министр бұл мәселе жыл соңына дейін шешілуі керек екенін баса айтты.

«Төлемдер үш көзден – республикалық бюджеттен, өмірді сақтандыру компаниялары мен жұмыс беруші есебінен жүргізілетін болады. Біз бір күнкөріс шегі көлеміндегі бюджеттік өтінімді ресімдедік. Оның үш жылға арналған сомасы - 45 млрд теңге, яғни жылына 15 млрд теңгеден. Мұның бәрі шахтердің зейнетақы жинақтарының қорына байланысты болады. Зейнетақы жарналарын аудару 84 ай бойы жүруі тиіс. Осы төлемге үміткер адамдардың саны 46 мыңға жуық. Бірақ олар екі талапқа да сәйкес келуі керек – 55 жас және 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы», - деп түсіндірді С.Жақыпова.

Еске салайық, бұған дейін шахтерлер 55 жаста зейнетке шығуы мүмкін екенін хабарлап едік.

Соңғы жаңалықтар