Шалқар ауданының 3 тұрғыны 40 жылқыны ұрлағаны үшін ұсталды
Облыстық ІІД-нің брифингінде хабарлағандай, өткен жылдың желтоқсан айында Шалқар қаласының екі тұрғынынан белгісіз біреулер 40 жылқыны жайлаудан ұрлап әкеткен.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 175-і бабы «Аса қомақты сомадағы ұрлық» жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Қылмыс көпке дейін ашылмады, алайда жедел іздестіру шаралары жалғасып жатты.
Жуырда келіп түскен жедел ақпараттың арқасында ұрлыққа күдіктілер анықталып, ұсталды. Олар Шалқар ауданының 41 мен 51 жас аралығындағы үш азаматы болып шықты. Солардың ішіндегі екі азамат бұрын да мал ұрлағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған.
Күдіктілердің айтуы бойынша, олар ұрланған малды Ақтөбе қаласында сатып, ақшасын өзара бөліп алған.
Қазіргі уақытта күдіктілердің біреуі тұтқынға алынған, екеуінен ешқайда кетпеуі жайында қолхат алынған. Тергеу амалдары жүріп жатыр.