Шаолинь ғибадатханасының жаңа басшысы тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Ши Иньлэ Шаолинь ғибадатханасының жаңа бас шарапатшысы міндетін атқаратын болды. Бұл туралы сейсенбі күні ғибадатхана әкімшілігі мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

Шаолинь монастырінің жаңа басшысы тағайындалды
Фото: oxu.az

Хабарламада атап өтілгендей, шешім ғибадатхананың монахтар қауымдастығының демократиялық талқылауынан кейін және тиісті рәсімдерге сәйкес қабылданған.

Бұған дейін, 28 шілдеде Қытайдың буддистік қоғамы Шаолинь ғибадатханасының бұрынғы шарапатшысы Ши Юнсиньнің монахтық мәртебесі күшін жойғанын жариялаған болатын.

Ол қылмыстық құқықбұзушылықтарға, соның ішінде жоба қаражаттарын талан-таражға салу мен храм мүлкін иемденуге байланысты күдікке ілінген. Сонымен қатар будда ережелерін өрескел бұзғаны, бірнеше әйелмен ұзаққа созылған орынсыз қарым-қатынасы және заңсыз туған кемінде бір баласы бары үшін айыпталып отыр.

Айта кетейік, Ши Юнсинь бүкіл әлемге әйгілі буддистік ғибадатхана және кунг-фу өнерінің отаны саналатын Шаолинь ғибадатханасының 30-шы бас шарапатшысы болған.

Бұған дейін Орталық Қытайдың Хэнань провинциясындағы Шаолинь ғибадатханасының бастығы Ши Юнсиньді бірнеше ведомство тергеп жатқанын хабарладық.

Соңғы жаңалықтар