Шардарада 150 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт салынып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында географиялық және климаттық ерекшеліктерге сай үш негізгі кластер — мақта-тоқыма, жүгері, және ет бағыттары қарқынды дамып келеді. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров есептік кездесуде айтты.
Әкімнің айтуынша, мақта-тоқыма кластері элиталық сорттағы мақта өсіруден бастап, жіп, мата және джинсы өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндіріс тізбегін қамтиды.
— Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан аса жұмыс орны ашылып, 201 млрд теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге жетеді. Нәтижесінде, 229 мың тонна мақта өңделеді, — деді Н. Көшеров елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, биыл пилот ретінде Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілген. Нәтижесінде, 45 центнер мақта жиналған.
2 мақта өңдеу зауыты және 2 су үнемдеу технологиясын шығаратын өндірісі іске қосылып, жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталып қалды.
Жүгері кластері бойынша Шардарада «Қазкрахмал» зауыты салынып жатыр. Кәсіпорын келер жылдың бірінші тоқсанында іске қосылады, 251 жұмыс орны ашылады. Жалпы 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады.
— Ет кластері бағытында 7 жоба іске асырылуда. Жобаның құны — 50 млрд теңге, 802 жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынып жатыр, — деді облыс әкімі.

Әкімнің сөзінше, аталған 3 кластерді дамыту есебінен 2026 жылы жеңіл өнеркәсіпті 220 млрд теңгеге, ауыл шаруашылығын қосымша 433 млрд теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Түркістан облысында бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдар шығарылмақ.
Бұған дейін Түркістан облысының әкімі импортты алмастыратын 20 жоба іске асырылып жатқанын айтқан еді.