Шаруаларға дизель отыны қаншадан беріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі биылғы егіс науқанына 401 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді. Шаруалар үшін түпкілікті баға литріне 254 теңгеге беріледі, бұл нарықтан 20%-ға арзан. Бұл туралы сала министрі Ерлан Ақкенженов айтып берді.

жанармай құю бекеті
Фото: Алина Төлеубева/ Kazinform

− Биыл 30 қаңтарда Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері «2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 400,9 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесін» бекітті. Дизель бағасы – 1 литрі үшін қосылған құн салығымен бірге 254 теңге, бұл жанармай құю станциясындағы бөлшек сауда бағасынан шамамен 20%-ға арзан, − деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін жеке ПИН-кодтар алынды; отандық дизель сары, көк және қызыл түстерге боялып, электронды шот-фактура жүйесіне дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құрылған.

− Сонымен, көктемгі дала жұмыстарына қажеттілік 400,9 мың тонна дизельді құрайды. Ақпан-сәуір айларында көктемгі дала жұмыстарына 215 мың тонна немесе дизель отыны жалпы көлемінің 54 %-ы жөнелтілді. Шаруаларды уақытылы қамтамасыз ету үшін жеткізуші мұнай өнімдерін сатып алу-сату шарты жасалған сәттен бастап 10 жұмыс күнінде төлемді жеделдетуі қажет. Шаруаларға дизель жөнелту басым негізде жүзеге асырылады және тұрақты бақылауда болады, − деді Е. Ақкенженов.

Бұған дейін Энергетика министрі елдегі жанармай қоры туралы мәлімет берген еді.

 

Соңғы жаңалықтар