Хоккейден ӘЧ-2025: ҚР құрамасының қарсыластары анықталды
АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизиондағы қарсыластары анықталды. Әлем чемпионаты Дания және Швеция мемлекеттерінде өткізіледі.

Оған барлығы 16 құрама қатысады. Іріктеу кезеңінде құрамалар екі топқа бөлініп сынға түседі. Қазақстандық хоккейшілер В тобында ойнайды. Қарсыластары - Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Венгрия. Ойындар Данияның Хернинг қаласында болады.
Ал А тобында Канада, Швеция, Швейцария, Словакия, Латвия, Австрия, Франция және Словения шеберлік байқасады. Бұл ойындар Швецияның Стокгольм қаласында өткізіледі.
Әлем чепионаты плей-офф сатысына әрбір топтан төрт үздік команда шыға алады. Әрбір топта іріктеу кезеңінде соңғы орынды місе тұтқан құрамалар элиталық дивизионнан түседі.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Франция және Польшадан басым түсіп, қалғанында қарсыластарына есе жіберді. Нәтижесінде элиталық дивизиондағы орнын төртінші жыл қатарынан сақтап қалды.
Биыл финалда Швейцарияны 2:0 есебімен тізе бүктірген Чехия әлем чемпионы атанды.