Шайбалы хоккейден ӘЧ: Бүгін Қазақстан құрамасы Германиямен кездеседі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында бүгін, 26 мамырда Қазақстан құрамасы Германиямен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шайбалы хоккейден ӘЧ: Бүгін Қазақстан құрамасы Германиямен кездеседі

Аталған ойын елорда уақытымен 19.05-те басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі құрама бұған дейін аталған турнирде бес мәрте кездесті. Оның екеуінде қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетсе, үшеуінде неміс құрамасының мерейі үстем болды.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы бұған дейін үш кездесу өткізіп, екеуінде жеңіске жетті. Алдымен буллиттен Латвиядан 2:1, Финляндиядан 3:2 есебімен басым түссе, одан кейін АҚШ-қа 0:3 есебімен есе жіберді.

Ал Германия алғашқы үш кездесуінің барлығында жеңіске қол жеткізіп, Италияны 9:4, Норвегияны 5:1, Канаданы 3:1 есебімен тізе бүктірді. Олар турнир кестесінде көш бастап тұр.