Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы бүгін Латвиямен кездеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында бүгін, 20 мамырда Қазақстан құрамасы Латвиямен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы бүгін Латвиямен кездеседі

Аталған ойын елорда уақытымен 23:20-да басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі құрама бұған дейін сегіз мәрте кездесті. Екі ойында Қазақстан, алтауында Латвия жеңіске жетті.

Латвия құрамасы әлем чемпионатына 22 мәрте қатысып отыр. 1997, 2004, 2009 жылдарда жетінші орын алды.

Қазақстандық хоккейшілер биылғы әлем чемпионатында бес кездесу өткізді. Бұған дейін буллиттен Норвегияны 4:3 есебімен жеңді.

Одан кейін Чехиядан 1:5, Швейцариядан 0:5, Канададан 1:5 есебімен жеңіліп қалды.

Ал Словакияны буллиттен 4:3 есебімен тізе бүктірді.

Биылғы әлем біріншілігінде латвиялық хоккейшілер Канададан 0:6, Швейцариядан 1:2 есебімен жеңілсе, Чехияны овертаймда 4:3, Норвегияны 2:1, Словенияны 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Сондай-ақ, аталған топта бүгін Канада - Швейцария, Норвегия - Чехия құрамалары кездеседі.

А тобында АҚШ - Дания, Швеция - Франция, Австрия - Финляндия құрамалары ойнайды.