Шегірткенің шамадан тыс көбейіп жатқанына не себеп
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Еліміздің көптеген өңірі шегіртке шабуылының астында қалды. Агросекторға, соның ішінде өсімдік шаруашылығына биыл зор шығын келтірілетіні белгілі болып отыр. Әсіресе, оңтүстік аймақтардағы егіс алқаптарын зиянкестер отап жатыр. Шегірткелер биыл жылдағыдан неге белсенді? Олардың шамадан тыс көбейіп кетуіне не себеп? Бұл сұрақтарды биология ғылымының докторы, профессор, Торайғыров университеті «Мониторинг» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Қанат Ахметовке қойдық.

Ғалым шегірткенің биыл ерекше белсенді болатынын былтырғы жылы-ақ болжағанын айтады. Өткен жаз өте ыстық болып, ылғалдың аз түсуінен құрғақшылық жайлады. Соған орай, шегірткенің жылдағыдан көбеюіне табиғи тұрғыдан әсер еткен.
- Қазіргі уақытта еліміздің аумақтарын шегіртке басып бара жатқанына қатысты пікір көп. Біреулер көрші елдер уламайды, содан келіп жатқан залал дейді. Енді біреулер бұл көктемде болған су тасқынының зардабы деп қарайды. Алғашқы айтылған пікірмен сәл де болса келісуге болатын шығар. Алайда шегірткенің шамадан тыс көбею құбылысының су тасқынына қатысы жоқ. Себебі, көктемде ылғалдың көп болуы шегірткенің дернәсілдерін азайтады. Менің ойымша, өткен жылғы құрғақшылық биылғы жағдайға себеп болып отыр.
Ғылыми негізде түсіндірсем, шегірткелер көбіне өз жұмыртқаларын жазық алқаптарда, тереңге салып кетеді. Жұмыртқалар сақталатын арнайы қалташалар болады. Егер күз бен көктем жаңбырлы болса, әлгі қалташалардағы жұмыртқаларға су тиіп, олардың басым бөлігі шіріп кетеді. Есесіне, келер жылы одан өнім шығатын дернәсілдер саны азаяды. Ал күз бен көктемде ылғал аз түссе, ол жұмыртқалардың қалташаларда жақсы сақталып қалуына оң әсер етеді. Бір қалташада болатын жұмыртқалар саны әртүрлі, 20-30, тіпті одан да көп болуы мүмкін. Көктемнің жылы күндері жетісімен, бұл жұмыртқалардан дернәсілдер жетіледі. Бұлардың тұрқы, пішіні кәдімгі үйірлі шегірткелерден аумайды. Бірақ қанаты жоқ. Оларды саяқ немесе жаяу шегірткелер деп атайтынымыз мәлім. Бұлар топтанып алып, белгілі бір бағытқа шығады да толассыз жүре береді. Жолдарында кездескен өсімдік біткенді тып-типыл етуге құмар келеді. Менің әкемнің мамандығы агроном болатын. Бала кезімде есімде, шегірткенің саяқ түрлеріне егін өсіретін шаруашылықтар ерте бастан қамданып, орлар қазатын. Әлі қанаты шығып үлгермеген шегірткелер әлгі орға келіп, үймелеп құлайды. Сол кезде оларды жағып жібереді. Сондықтан шегірткенің осы бір саяқ кезеңін өткізіп алмау керек. Ол қанаттанып үлгергенше күресіп, көзін жойған дұрыс. Саяқ шегіртке жетілу барысында бірнеше рет түлейді, яғни дамиды. Сөйтіп соңғы саты – қанаты өсіп шығады. Бұл жағдайда оны тоқтату өте қиын, - дейді Қанат Қамбарұлы.
Негізі шегірткелер тура қанаттылар отрядына жатады. Денесі бас, көкірек және құрсақтан тұрады. Басы үлкен, жақтары жақсы жетілген, ауыз аппараты кеміргіш. Шетелдік ғалымдар саяқ шегірткенің кейбір топтары тіпті теңізден де өтіп кететінін дәлелдеген.
Айтып өтейік, биыл Павлодар облысында шегірткенің белсенділігі аса байқалып отырған жоқ. Ғалым мұны өткен күз бен көктем айларының жаңбырлы болуымен байланыстырады.
Бұған дейін хабарланғанындай, Ақтөбеде шегірткенің жаппай көбеюі тіркелді. Арысты да шегіртке басып жатыр. Бұл жәндік Түркістан облысының шаруаларын әбігерге салды.
Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин елге шегіртке қаптатып алғанымызды жасырмайтынымызды айтты.