Шекара бөлімдерін салудағы проблема: құрылыс 2025 жылы аяқталады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев солтүстік өңірлердегі шекара бөлімдерінің ғимараттары мен құрылысжайларын салу жұмыстары неліктен кешеуілдегенін түсіндірді.

Шекара бөлімдері салудағы проблема: құрылыс 2025 жылы аяқталады
Фото: ҚР Қаржы министрлігі

Айта кетейік, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ел өңірлеріндегі бөлімшелерінің құрылысына қатысты бағдарламаның әкімшісі ретінде Көлік министрлігі бекітілген. Бүгін Сенатта осы тақырыпқа қатысты өткен отырыстан кейінгі баспасөз мәслихатында жауапты ведомство өкілдері шекара бөлімшелеріндегі жағдайға түсінік берді. 

Сәтжан Аблалиев 2023 жылы құрылыс жұмыстарында қаржыландыру толық болмағанын, ал 2024 жылы су тасқыны кезіндегі қиындықтар әсер еткенін атап өтті.

Оның айтуынша, жұмыс кестесін бұзған мердігер ұйымдарға айыппұл салу туралы ескерту жолданған, ал 20 нысан құрылысының бірінші кезеңін 2025 жылы аяқтау жоспарланыпты.

— 2028 жылдың аяғына дейін жалпы 50 бөлімшенің құрылысы тапсырылуы керек. Олар негізінен Ресеймен арадағы шекарада болады. Қазіргі кезде оның 20-сында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, 54 млрд теңгеге осы 20 шекара бөлімшесі салынады, — тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Вице-министр 20 бөлімшенің құрылысы 2025 жылы жалғасатынын және оған қосымша қаражат бөлінбейтінін айтты.

— Мердігер компания мен тапсырыс берушілер бөлінген қаражат бойынша нысандарды салады. Жалпы, бұл мәселеде бұған дейін қаражатты уақытында бөлмеу деректері болды және мердігердің толық мобилизация жасамауы кемшілігі орын алды. Соған байланысты қазір ортақ шешімге келіп, бөлінген қаражаттың көлемінде 2025 жылы нысандардың құрылысын аяқтауға келістік. Қазір мердігерді ауыстыру тиімді болмайды деп санаймыз. Себебі, атқарылатын қалған жұмыстар соншалықты ауқымды емес. Ал жаңа мердігерді іріктеуге тағы қосымша уақыт пен қаражат керек. Сондықтан осы мердігермен нысандарды пайдалануға береміз. Атап айтқанда, бұдан басқа салынатын 30 шекара бөлімшесіне жаңадан сатып алу процесі ұйымдастырылып, басқа компаниялар іріктеледі, — деді Сәтжан Аблалиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенатта ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекара бөлімдерінің ғимараттары мен құрылысжайларын салу және жаңғырту тақырыбы қаралды. Оның барысында шекара бөлімдерін салу кезіндегі кемшіліктер мәлім болды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитет төрағасының орынбасары — Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұмановтың сөзіне қарағанда, 2024-2028 жылдарға арналған шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді жоспарында 50 бекет бойынша құрылыс жұмыстары қарастырылған. Бағдарламаның әкімшісі ретінде Көлік министрлігі бекітілген. 2023 жылы 20 шекара бөлімшесін салу қарастырылған. Алайда тиісті мерзімде бұл нысандар тапсырылмай келеді.

Отырыс барысында бюджет қаржысын мақсатты түрде пайдалануға бақылауды күшейту мәселесі мен тапсырыс берушілер, мердігерлер және қадағалау органдары арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Сенаторлар құрылыс мерзімін сақтау және екінші кезеңдегі құрылысқа арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажеттігіне ерекше назар аударды. Екінші кезең аясында тағы 30 шекаралық нысан салу жоспарланып отыр.

Кездесуге қатысушылар барлық тараптың міндеттемелерді қатаң орындалуы маңызды екенін және мұндай айрықша жобаларды жүзеге асыруда жауапкершілікті арттыру қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар