Шекара бөлімдеріндегі құрылыс жұмыстары не себепті кешігіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенатта ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекара бөлімдерінің ғимараттары мен құрылысжайларын салу және жаңғырту тақырыбы қаралды. Оның барысында шекара бөлімдерін салу кезіндегі кемшіліктер мәлім болды.

— 2024-2028 жылдарға арналған шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді жоспарында 50 бекет бойынша құрылыс жұмыстары қарастырылған. Бағдарламаның әкімшісі ретінде Көлік министрлігі бекітілген. 2023 жылы 20 шекара бөлімшесін салу қарастырылған. Алайда тиісті мерзімде бұл нысандар тапсырылмады, — деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитет төрағасының орынбасары — Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде 20 шекара бөлімшесіне қатысты қосымша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Қалған 10 бөлімше бойынша Ұлттық экномика министрлігінен экономикалық негіздеме алу жоспарланған.
— 2024 жылдың желтоқсан айында Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Солтүстік Қазақстан облысына сапары кезінде шекара бөлімінің құрылысына қатысты нақты жағдайды көрді. Осындай жағдай құрлысы аяқталмаған 19 нысанда да байқалып отыр. Олардың кейбірінде іргетасын қалау жұмыстары да аяқталмаған. Қазір орындалған жұмыстың жалпы көрсеткішіне тоқталсақ, 60-80 пайыздан аспайды. Осы мәселе бойынша түрлі алаңдарда өткен жиындарда Көлік министрлігінің, мердігерлердің өкілдерін тыңдап шықтық. Бұл ретте, айыппұл салу санкциялары ешқандай нәтиже бермеді. Соның салдарынан аталған нысандардың құрылысын аяқтау мерзімі 2025 жылға ауыстырылды. Бұл жағдай еліміздің солтүстік өңірлеріндегі шекарада қорғаныс қабілетін күшейтуге бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалану жұмысына нұқсан келтіріп жатыр, — деді Шекара қызметінің директоры.
Сенатор Андрей Лукин жақында СҚО аумағындағы шекара бөлімшелеріне депутаттар барғанын еске салды.
— Сол кезде құрылыс тоқтап, жұмыс жүргізілмей жатқанын өз көзімізбен көрдік. Оны тоқтатудың себебін анықтауға тырыстық, бірақ нақты жауап ала алмадық… Осы мәселені Мәжіліс және Сенат депутаттары кейінгі 3 жылда бірнеше рет көтерген еді. Заңнамалық база бар, тиісті қаржы бөлініп жатыр. Дегенмен, мәселе әлі де шешілмеген. Мұндай жағдайларда Бас прокуратура қадағалаушы орган ретінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның дұрыс орындалуын, ал Қаржылық мониторинг агенттігі мен Антикор Мемлекет басшысының мемлекеттік сатып алу және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қадағалау жөніндегі тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын тексеруге міндетті, — деді А. Лукин.
Еске сала кетейік, Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттік шекара мәселесін түпкілікті қашан шешетінін жазған болатынбыз.