Шекараны заңсыз жаяу кесіп өткен шетелдік Ақтөбеде ұсталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ол елге оңтүстік өңірлер арқылы кірген. Полиция қылмыстық іс қозғап, қамауға алды.
«Заңсыз келуші» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде шетелдік азамат ұсталды. Ол бұған дейін де көші-қон заңнамасын бұзып, Батыс Қазақстан облысының сот шешімімен елден шығарылған болатын. Соған қарамастан шекараны тағы кесіп өткен.
- Ол мемлекеттік шекараны еліміздің оңтүстік облыстарының бірінен жаяу кесіп өткен. Жүргізген жедел іс-шаралар барысында заңсыз келушінің Ақтөбе облысы аумағында жүргені анықталды. 38 жастағы құқық бұзушы бүгінде қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің «ҚР мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту» бабы бойынша іс қозғалды. Тергеп-тексеру жүріп жатыр,- деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Алғашқы күнін көші-қон заңнамасын бұзған 70 шетелдікәкімшілік жауапқа тартылды.
ҰҚК баспасөз қызметі бұған дейін шекарада 6,9 млрд теңгенің декларацияланбаған валютасын алып өтпек болғандарды тоқтатқанын хабарлады.