Щербаков бөгетінің бұзылуы: Ақтөбеде қылмыстық іс тоқтатылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Әйтеке би ауданындағы Щербаков бөгеті былтыр көктемде бұзылып, іс қозғалды. Тергеу жүргенімен, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті істі тоқтатты.

Щербаков бөгеті
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Былтыр Щербаков бөгеті бұзылып, Әйтеке би ауданында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Арада бір жыл уақыт өткенімен, мұнда әлі күнге дейін төтенше жағдай режимі сақталған. Себебі салдарын түгел жоймай, алынбайды.

- ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті Қылмыстық кодекстің «Салғырттық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмысын жүргізді. Сот алды тергеуден соң қылмыстық іс тоқтатылды, - деп хабарлады Ақтөбе облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Щербаков бөгетін бұған дейін жөндеген мердігер қалпына келтіреді.

Еске салсақ, былтыр су тасқыны кезінде Ақтөбеде коммуналдық меншіктегі 15 бөгет бұзылды. Үшеуінің кепілдік мерзімі бар. Тізімде дәл осы Щербаков бөгеті болды. Бөгет 2023 жылы жөнделді. Оған 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Әйтеке би ауданына жұмыс сапарымен барып, резервтік сыйымдылықтың көлемін ұлғайтуды, су айдынының айналасына жаңа шлюздер мен су бекеттерін орнатуды, сондай-ақ түбін тазарту мен тереңдетуді ескере отырып, қайта жоба әзірлеуді тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар