Шерзат Полат ісі бойынша айыпталушылар алқа билер сотынан бас тартты
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — 16 жастағы Шерзат Полатты айуандықпен өлтірді деп айыпталғандар алқабилер сотынан бас тартты.

Алдын ала сот отырысында сотталушылар алқабилер сотына қатысу құқығынан бас тартты. Заң талабына сәйкес істі бір судья қарайтын болады.
Негізгі сот отырысы 17 сәуірге белгіленді.
Ол бейсенбі және жұма күндері Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтеді.
Сондай-ақ бүгін Прокурор соталушылардың әрқайсысына ҚР Қылмыстық кодексінің қай баптары бойынша айып тағылғанын оқыды.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазғанбыз.
Кейін ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды. Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды.