Шерзат Полатқа қатысты сот отырысы адвокаттың кесірінен кеш басталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша басты сот отырысы 40 минутқа кешігіп басталды.

Шерзат Полатқа қатысты сот отырысы адвокаттың кесірінен кеш басталды
Фото: видеодан алынған скрин

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ержан Жанұзақов айыпталушылардың бірінің мүддесін қорғайтын адвокат Қалиеваға кешігіп келгені үшін ескерту жасады.

Шерзат ісі бойынша нақты 9 күдікті бар, оның ішінде бір жасөспірім ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін айыпталып жатыр.

Абзал Шынасыл — адам өлтіру және бұзақылық жасағаны үшін айыпталды. Равиль Сақиев — кісі өлтіруге оқталу және бұзақылық бойынша айыпталды. Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрқияс Ильясов, Нұрбол Тоқтаубаев мен Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет — бұзақылық бойынша, ал кәмелетке толмаған Думан Ысқақ — ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін айыпты деп танылып отыр. 

Айта кетейік, 10 сәуір күні Талдықорғанда Шерзат Полаттың өлімі туралы іс бойынша алдын ала тыңдау өткен болатын. 

Оның барысында, 16 жастағы Шерзат Полатты айуандықпен өлтірді деп айыпталғандар алқабилер сотынан бас тартты. 

Сондай-ақ Прокурор соталушылардың әрқайсысына ҚР Қылмыстық кодексінің қай баптары бойынша айып тағылғанын оқыды. 

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазғанбыз. 

Кейін ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты. 

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды. Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды.  

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.  

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Полаттың үйінің өртенуіне қатысты тергеудің жаңа мәліметтерін айтты. 

Соңғы жаңалықтар