Шерзат Полаттың ісі: басты күдікті сотқа толық дайын емес екенін мәлімдеді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Шерзат Полатқа қатысты іс Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр.

Бүгінгі сотта айыпталушылар өзідерін таныстырды. Басты күдіктілердің бірі ретінде танылған Абзал Шынасыл айыптау актісінің көшірмесін қолына алғанын жеткізді.
– Мен айыптау актісін алдым. Алайда сотқа жартылай дайынмын, толық дайын емеспін, – деді ол.
Мұның себебі неде деп судья сұрағанда оның қорғаушысы сот кезінде ғана іске араласқанын айтты.
– Істі толық зерттеп бітпедік. Толық позицияларымызды айқындай алмай жатырмыз. Толық дайын емеспіз. Бір жағынан Шынасыл тағылған айыпты мойындамаймын деп отыр, – деді адвокат.
Сондай-ақ кісі өлтіруге оқталу және бұзақылық бойынша айыпталып отырған Равиль Сақиев та сот отырысына дайын еместігін жеткізді.
Шерзат ісі бойынша нақты 9 күдікті бар, оның ішінде бір жасөспірім ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін айыпталып жатыр.
Абзал Шынасыл — адам өлтіру және бұзақылық жасағаны үшін айыпталып отыр. Равиль Сақиев — кісі өлтіруге оқталу және бұзақылық бойынша айыпталды. Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрқияс Ильясов, Нұрбол Тоқтаубаев мен Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет — бұзақылық бойынша айыпталып жатыр. Ал кәмелетке толмаған Думан Ысқақ — ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін айыпталып отыр.
Айта кетейік, 10 сәуір күні Талдықорғанда Шерзат Полаттың өлімі туралы іс бойынша алдын ала тыңдау өткен болатын.
Оның барысында, 16 жастағы Шерзат Полатты айуандықпен өлтірді деп айыпталғандар алқабилер сотынан бас тартты.
Сондай-ақ Прокурор соталушылардың әрқайсысына ҚР Қылмыстық кодексінің қай баптары бойынша айып тағылғанын оқыды.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазғанбыз.
Кейін ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды. Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Полаттың үйінің өртенуіне қатысты тергеудің жаңа мәліметтерін айтты.