Шерзат Полаттың ісі: Прокурор куәгердің жауабына күмән келтірді

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Прокурор Дана Сәрсенбай оқиға орнында болған куәгер Эльмира Нұрбекованың жауаптарында қайшылықтар бар екенін айтты.

Шерзат Полаттың ісі: Прокурор куәгердің жауабына күмән келтірді
Фото: Видеодан алынған скрин

Мемлекеттік айыптаушы, куәгер Эльмира Нұрбекованың тергеу барысында берген жауаптары мен сотта айтқан сөздері бір-біріне сәйкес келмейтінін жеткізді. 

– Алдын ала тергеу барысында және өткен сот отырысында сіз шок күйінде болғандықтан қателесуіңіз мүмкін екенін айттыңыз. Алайда бейнежазбада сізде шок күйі байқалмайды.

Сондай-ақ 5 қазан күні берген жауабыңызда баланың жерде ішпен, қан болып жатқанын және Абзалдың оған пышақпен соққы жасағанын айттыңыз. Ал қазір сотта пышақты көрмегеніңізді айтып отырсыз, — деп сұрады прокурор.

Өз кезегінде Эльмира Нұрбекова тергеу кезінде жауапты екі тілде, орысша және қазақша араластырып бергенін және көп нәрсе есінде жоқ екенін айтты.

— Шынымды айтсам, не дегенімді білмеймін. Мен оның қалай ұрғанын көрдім, бірақ пышақтың бар-жоғын көрмедім. Егер мен пышақ көрген болсам, онда бар деп айтар едім, — дейді ол.

Прокурордың өтініші бойынша Нұрбекова сот залында айыпталушының соққыны қалай жасағанын көрсетті — «жоғарыдан төмен» қарай.

Айта кетейік, бүгін сот отырысында Шерзат Полаттың ісінде куәгер ретінде танылған Эльмира Нұрбековадан жауап алынып жатыр. 

Еске салайық, ол Шерзат қаза тапқан түні сотталушылармен бірге көлікпен «Қамажай» дүкенінің алдына келген екі әйелдің бірі.

Бұған дейін сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.

Сондай-ақ Қаржаубай Нұрымов Шерзаттың қашан жан тапсырғанын айтты.

Шерзаттың анасы Гүлбара Бейшембиева да қайғылы оқиға қалай болғанын еске алды.

Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.

Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.

Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған

Соңғы жаңалықтар