Шерзат ісі: Сотталушы Думан Ысқақ өзіне тағылған айыпты мойындамады
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Кезекті соттталушы кәмелет жасына толмаған Думан Ысқақ жауап берді. Адвокат сотталушыдан оқиға қалай басталғанын айтып беруді сұрады.
Думан Ысқақтың айтуынша, Нұрбол Тоқтаубаев «кішкене ішімдік ішіп алып едім, көлік жүргізетін ешкім жоқ» деп көмектесуін өтінген.
— Үлкен кісі болғаннан кейін көлік айдауға өз еркіммен келістім. Кейін Рысқұлов ауылынан Талғар ауылына екеуіміз бірге келдік. Нұрбол «досым Азаматты апарып тастаған соң сені таксиге отырғызып жіберемін» деді. Нұрбол жолда Шыңғыс Белғожаевқа қай жерде екенін білу үшін хабарласып, сол жерге баратынымызды айтты. Мейрамхана алдында Дархан деген досын ұрып кеткенін айтып, сол жерге барамыз деді. Оқиға басталғанда «Нұрбол аға, бәрі тыныш екен ғой, үйге қайтайықшы» деп өтіндім, — деді сотта Думан.
Айыпталушының айтуынша, Қаржаубаймен ешқандай келіспеушілік болмаған, сондықтан Қаржаубайдың осы сотта оқиғаның қалай басталғаны жайлы нұсқасымен келіседі.
Адвокаттың сұрағына жауап берген сотталушы Думан Ысқақ өз сөзінде Қылмыстық кодекстің 434-бабымен (аса ауыр қылмысты хабарламау) айыпталып отырғанын, бірақ өз кінәсін мойындамайтынын айтты.
Сонымен қатар сол түні оқиғаның қалай өрбігенін жаңалықтардан ғана көргенін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Шерзат Полаттың өлімі бойынша алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қаза болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат ағасының денесі табылды.