Шерзат ісі: Абзал Шынасыл кімді пышақтағанын айтты

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша басты сотталушы Абзал Шынасыл жауап берді.

шерзат соты
Фото: видеодан кадр

Сот отырысында Абзал тағылған айыпты жартылай мойындайтынын жеткізді.

— Досым Нұрқиястан «Эйфория» мейрамханасында екенін білдім, 15-20 минутта мен де сол жерге жеттім. Кейінірек екі қыз келді, артынан Азамат пен Шыңғыс, одан соң Думан мен Нұрбол қосылды. Бір кезде Нұрбол біреудің досын ұрып кеткенін айтты, бірақ біз оған мән бермей, би алаңына беттедік. Кейін мейрамхана жабылар уақытта Азамат пен Шыңғыстың жоқ екенін байқадым. Азамат маған хабарласып, «Нұрбол досымен бірге Менделеев көшесіндегі дүкеннің жанында біреулермен төбелесіп қалды» деді, — деді ол.

Абзалдың айтуынша, сол түні жастар стадионына жолшыбай бара жатқанда төбелес болып жатқаны жайлы ақпарат алған. 

Оқиға орнына жеткенде Нұрқанат Ғайыпбаевтың қолынан мылтық көрген.

— Нұрқанат аспанға оқ атты, кейін қаруды бізге қарай кезеді. Мен «атпа, сөйлесейік» дедім, ол болса боқтап, «атам» деді. Ол мені ата жаздады, оқ сол құлағымның жанынан өтті. Кейін бір бала қаруды тартып алмақ болды, бірақ Нұрқанат оны шалып құлатты. Сол кезде мен арт жағынан жақындап, оны ұруға тырыстым. Сол сәтте жанындағы Шерзат құлап түсті. Неден құлағанын білмеймін, шалынып қалды деп ойладым, — деді Шынасыл.

Абзалдың айтуынша, осыдан кейін ол Нұрқанатты пышақтаған.

Еске сала кетейік, Шерзат Полаттың өліміне қатысты 16 мамырдағы сотта тағы бір сотталушы айыптау актісімен келіспейтінін айтқан.

Нұрқияс Ілиясов мылтықпен ұру себебін түсіндірсе, Азамат Тоқтаубаев өтірік айғақ бергенін растады.

Кәмелетке толмаған айыпталушы Думан Ысқақ өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Айта кетейік, Шерзат Полаттың өлімі бойынша алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөспірім қаза болғанын жазған едік.

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды.

Соңғы жаңалықтар